БАҚ өкілдеріне үлкен міндет жүктеліп отыр - Мемлекет басшысы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БАҚ өкілдеріне үлкен міндет жүктеліп отыр - Мемлекет басшысы

28.06.2024

Соңғы кездері елде ауқымды реформалар атқарылып жатыр. Саяси жүйеде оң өзгерістер бар. Сырттан айтарлықтай инвестиция тартылды. Мұның барлығы ел экономикасын өрге сүйрейтін ірі жобалар. Олардың уақытылы жүзеге асырылуы жіті бақылауда. Заң шығару жүйесінде де көп өзгеріс болды. Лудомания, зорлық-зомбылыққа қарсы күрес, масс-медиа туралы заң жобаларының қабылдануы осы үдерістің айқын көрінісі. Міне, осы атқарылып жатқан шаралардың барлығын елге дұрыс жеткізу керек.

Осы ретте БАҚ өкілдеріне үлкен міндет жүктеліп отыр деген болатын Мемлекет басшысы. Бүгін кәсіби мереке қарсаңында БАҚ өкілдерін президенттің кеңесшісі әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли құттықтады.

Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - Баспасөз хатшысы

Мемлекет басшысы үнемі БАҚ-та шыққан материалдарға назар аударып, газеттерді оқып, теледидарды көріп, сайттарға көз жүгіртіп отырады, барлығын назарда ұстайды, арнайы тапсырмалар беріп, шешу жолдарын көрсетеді. Сол себепті сіздердің қоғамдағы рөліңіз өте зор. Шын мәнінде «Төртінші билік» атына лайық екендеріңізді дәлелдеп жүрсіздер. Мемлекет басшысының реформаларын жан-жақты халыққа жеткізуде БАҚ үлкен рөл атқарып отыр.

БАҚ өкілдеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы, «Құрмет» ордені, «Шапағат» және «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары, Президенттің Алғысы және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері табысталды. Марапат алғандардың арасында «Қазақстан» телерадиокорпорациясының бас режиссері – Қарлығаш Смағұлова, Ақпараттық-сараптамалық бағдарлдамалар дирекциясының бас режиссері Мәрмар Оразбаева, Диджитал департаментінің Интернет-редакция жетекшісі Жәния Орашева, сондай-ақ, «QAZSPORT» телеарнасының бағдарламалық қызметінің бағдарламалар директоры - Шырын Сүлейменова бар. Марапаттарды табыстаған Президент кеңесшісі, әрі баспасөз хатшысы Берік Уәли мен Мәдениет және Ақпарат министрі Аида Балаева журналистер қауымын құттықтап, ел дамуына қосып жүрген үлесі зор екенін атап өтті.

Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:

Үлкен, маңызды еңбектеріңізге шығармашылық табыс тілеймін. Әрқашанда елімізде жақсы жаңалықтар көп болсын. Сіздердің дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сіздердің қажырлық еңбектеріңіздің жақсы бағаланып, осы мемлекеттік деңгейде аталып өткені мен үшін министр ретінде өте қуанышты.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу