Оралда тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындарына, тағы 15 пәтердің кілті табысталды. Күні бүгінге шаһарда жалғыз үйі тұруға жарамсыз деп танылған 700-ге жуық отбасы, баспаналы болды. Жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлер, демеушілер есебінен сатып алынды. Үй алған тұрғындардың жартысы - көпбалалы отбасылар. Премьер министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев тұрғындармен тілдесіп, жағдайларымен танысты.
Мұрат Маселов Орал қаласының тұрғыны:
Дачада 2010 жылдан бастап тұрдық. Газ, свет бәрі болды. Үлкен үй болды 94 шаршы метр. Үміттеніп үш ай жүрдік. Бүгін 86 шаршы метр екі бөлмелі пәтер алып жатырмыз.
Облыста тасқыннан зардап шеккен отбасыларға барлығы 800-ге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Олардың жартысы Бәйтерек, Бөрлі, Қаратөбе, Сырым, Теректі, аудандарында, ал қалғаны Орал қаласында. Қазір шаһардың Зашаған, Деркөл кенттері мен Жұлдыз шағын ауданында 374 үйдің құрылысы басталды. Вице-премьер жұмыс қарқынын бағамдап, сапасын тексерді. Мердігерлердің айтуынша, қажет материалдар жеткілікті. Құрылысқа барлығы 1800-ге жуық жұмысшы мен 300-ден астам техника тартылған.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
Қоржын ауылында үйлерді салу керек жылдамырақ. Ол үшін жұмысшылар санын екі есе көбейту керек. Тиісті қаражат бар. ERJ компаниясы 20 млрд теңге бөліп жатыр. Қаладағы құрылысқа 9,5 млрд қажет. Тиісті қаражат болады. Ең бастысы, мобилизация жасап, екі айдың ішінде үйлерді тез арада бітіру керек.
Ардақ Мұратқызы