Түркістан облысының Келес ауданында бүлдіршіндер жаппай уланып қалды. Жекеменшік балабақшадан аудандық аруханаға 34 тәрбиеленуші жеткізіліп, олардың 19-ы емдеу мекемесіне жатқызылды. Алдын ала болжам бойынша, бүлдіршіндер таңғы асқа ботқа жеген соң өздерін жайсыз сезіне бастаған.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Бүлдіршіндер жаппай уланып қалған балабақша осы. Амангелді ауылында орналасқан. 130 бала келетін мектепке дейінгі мекеменің есігі дәл қазір жабық тұр. Кешегі жағдайдан кейін құзырлы органдар жұмысын тоқтатқан.
Аудандық ауруханаға жеткізілген бүлдіршіндердің бастары айналып, құсып, дене қызулары көтерілген. Олардың 15-не алғашқы медициналық көмек көрсетілген соң, үйлеріне қайтарылған. Қалған 16 бала жұқпалы аурулар бөлімшесіне жатқызылды. Ал үш тәрбиеленушінің жағдайы ауыр болған соң, жансақтау бөліміне жатқызылды.
Бекарыс Асқарбекұлы, Келес аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Бүгіннен бастап науқастардың жағдайы қалыпты болуына байланысты үйлеріне шығара бастадық. Қазіргі таңда ауруханада үш науқас жатыр. Қалған үш науқастың жағдайы бірқалыпты. Емін алып жатыр.
2 мен 3 жас аралығындағы бүлдіршіндер әлі біраз уақыт дәрігерлердің бақылауында болады. Дәрігерлер олардың балабақшада таңғы асқа ботқа жеп, түскі асқа сорпа ішкенін айтады. Содан кейін барлығы бірдей өздерін жайсыз сезіне бастаған.
Нұрсұлтан Сман, Келес аудандық санитариялық-эпидемиологиялық басқармасының басшысы:
Алдын ала зерделеу жұмыстары нәтижесінде күріш ботқасы күдікті тағам ретінде күдіктелуде. Таңғы асқа күріш ботқасы берілген. Қазір күріш ботқасына сынамалар алынып, зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
Сынамалардың қорытындысы бірер күнде шығады дейді мамандар. Содан кейін ғана нақты неден уланғаны белгілі болады. Осы жағдайға байланысты аудандық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, тергеу амалдарын бастап кетті. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Қылмыстық іс аудан прокурорының бақылауына алынды.
Айнұр Әбілқасымқызы