Алматыда тағы да жантүршігерлік жол апаты. Тапа-тал түсте жеңіл көлік пен автобус соқтығысып, қоғамдық көлік дүкенге соғылды. Бір жолаушы көз жұмған. 25 адам зардап шекті. Дәрігерлер науқастардың жағдайы орташа ауыр дейді. Оқиға орнынан Қуан Нұрақынның репортажы.
Қуан Нұрақын, тілші:
Оқиға мына біз тұрған қиылыста болған. Масаншы көшесінен оңтүстікке қарай бағыт алған жеңіл автокөлік ана бұрышта автобусқа барып соқтығысқан. Салдарынан қоғамдық көлік 20-30 метр жердегі дүкенге барып тоқтаған.
Оқиға куәгерлерінің сөзінше, апат түстен кейін сағат 2-ден кеткенде болған. Жеңіл көлікті 96 жылы туған келіншек тізгіндеген. Ал, 18-ші бағыттағы автобустың City Bas паркіне тиесілі екені анықталды.
Анна Кудерина, куәгер:
Автобус қатты жылдамдықпен келе жатқанын анық көрдім. Бағдаршамның түсі қандай жанып тұрғанын байқамадым. Артынша «тарс» еткен қатты дауыс шығып, автобус дүкенге соғылып барып, тоқтады.
Асхат Бердіқұлов, куәгер:
Қатты келді. Автобус қатты келгендіктен, өзін тоқтата алмай ана жерге дейін барды. Тормозы жақсы істейтін болса, ол автобустың тежегіші жақсы болса бәрі ол ары кеткенде 20-25 метрге сырғанайтын еді. Ол 40-50 метрге барды.
Қазір ауруханаға жеткізілген науқастар қажетті тексеруден өтіп, тиісті емін қабылдап жатыр, - дейді дәрігерлер. Барлығының жағдайы орташа ауыр. Арасында кәмелетке толмағандар да бар.
Ләйла Иманғалиева, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Оның ішінде 3 жасөспірім бар, 14-15-16 жаста. Біреуінің мұрын сүйегі, қолының сүйектері сынған және аяғының сүйектері сынған үш жасөспірім зардап шекті.
Апат салдарынан ажал құшқан жолаушының жеке басы анықталуда, - дейді қалалық полиция өкілі. Қазір осы оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Қазіргі таңда адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 345 бабының 3 тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды.
Апаттан азық-түлік дүкені мен күзетші отыратын дүңгіршек бүлінген. Қазір жол-көлік оқиғасы болған жердің маңайы қалпына келтіріліп жатыр. Автобус пен жеңіл көлік айып тұрағына жөнелтілді.
Қуан Нұрақын