Өзбекстанда халықаралық жастар экологиялық лагері басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда халықаралық жастар экологиялық лагері басталды

26.06.2024

Өзбекстанда Орталық Азия елдерінің белсенді жастары бас қосты. Мақсат - климаттың өзгеруіне қарсы күресте жас буынның рөлін арттыру. Шараға Қазақстаннан да экобелсенділер қатысты.

Халықаралық жастар экологиялық лагерінде қоршаған ортаны қорғау жолында еңбек етіп жүрген еріктілер ұсыныстарын ортаға салуға мүмкіндік алды. Жиын өзара пікірталас түрінде өткендіктен, тың бастамаларға да жол ашты. Жиналғандар, әсіресе, климаттың өзгеруіне қарсы күресте жастардың үлесін арттыру қажеттігін атап өтті

Мадина Әбдікәрімова, экобелсенді /Қазақстан/:

Біз үшін мұндай жобалардың маңызы зор. Орталық Азия елдеріне ортақ проблемалар бар. Соның бірі – жаһандық жылыну процесі. Мұның алдын алу, осы жолдағы мәселелердің шешімін табу үшін қандай да бір іс-әрекет жасау барлығымыздың міндетіміз

Орталық Азиядағы бес елдің экобелсенділері қатарына бұл жолы Түркия, Әзербайжан мен Венгриядан да жастар қосылды. Ауқымды шараға БҰҰ даму бағдарламасы, Өзбекстанның Экология министрлігі мен жастар ісі жөніндегі агенттік ұйытқы болды.

Анвар Темиров, Өзбекстанның экология, табиғат қорғау және климаттық өзгерістер министрлігінің бөлім басшысы:

Мұндай басқосуды биыл екінші рет ұйымдастырып отырмыз. Географиялық ауқымы да кеңейіп келеді. Мақсат – аймақ елдері арасында жастардан құралған экологиялық қозғалыстардың интеграциясына ықпал ету.

Лагерьде түрлі семинарлар, климаттың өзгеруі тақырыбы бойынша халықаралық сарапшылармен пікірталас ұйымдастырылды. Сондай-ақ биылғы күзде Әзербайжанда өтетін COP-29 көрмесіне ұсынылатын жобаларды әзірлеу жайы да талқыланды.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу