Ұлыбритания мектептерінде Ұлттар күні тойланып жатыр. Оқушылар сыныптастарына өз мемлекеттері туралы ақпарат беріп, салт-дәстүрлерімен таныстыруда. Ата-анасымен Лондонда уақытша тұрып жатқан қазақ балалары да шараға қатысып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттады.
Сара-Джейн Кеннеди – ағылшын тілінің мұғалімі. Бүгін ол өзі білім беретін қазақ оқушыларының мәдениетімен етене танысты. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, қамзол мен сәукеле киді.
Сара-Джейн Кеннеди, мұғалім:
Әдетте мектеп формасын киіп келген оқушыларымыздың қай елдің өкілі екенін аңғара бермейміз. Бүгінгі шараның арқасында Қазақстанның салт-дәстүрлері туралы біліп жатырмын.
Кәусар және Алмасбек Қараман – халықаралық журналистердің балалары. Лондонда уақытша тұрып жатыр. Мектебінде олардан бөлек ондаған ұлт өкілі оқиды. Барлығы таңертеңнен ұлттық киімдерін киіп келіп, сыныптастарына тарихи отаны туралы ақпарат берді.
Марио Петруни, италиялық ата-ана:
Бүгін балаларға пицца пісіріп үйреттік. Қазақтар сияқты бізде де ұннан жасалатын тағам түрлері көп.
Ұлыбритания - көп ұлтты мемлекет. Ағылшын, шотланд, ирланд және уэльс халқынан бөлек, мұнда бұрынғы отар мемлекеттерінен қоныс аударған ұлттардың ұрпақтары да тұрады. Жергілікті үкімет олардың тілі, діні және дәстүрлерінің сақталуына ерекше мән береді.
Марина Бекенова