Қостанай облысы: Қияндағы екі ауылда 41 үй салынып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысы: Қияндағы екі ауылда 41 үй салынып жатыр

24.06.2024

Үкімет тасқыннан кейін Қостанай облысындағы елдімекендерді жарықпен қамтамасыз ету үшін 1,3 млрд теңгеден астам қаржы бөлді. Тасқын кезінде аймақта мыңға тарта баған құлап, отыз жеті елдімекен жарықсыз қалған болатын. Біразы жөнделді, бірақ ең шалғайдағы Ахмет және Ақкөл ауылдарында үш айдан бері жарық жоқ екенін бұған дейін айтқан болатынбыз. Дегенмен, өңірде баспана құрылысы қарқынды. Арқалықта 50 пәтерлі көпқабатты үй салынып жатыр. Аудандарда 103 жеке тұрғын үй бой көтереді. Соның 41-і Жангелдин ауданының Көлқамыс және Тәуіш ауылдарында салынып жатыр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:
Қостанай облысының бір қиырындағы шағын ғана Тәуіш ауылының қыр жақ беті құрылыс алаңына айналған. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Құрылысшыларда еш тыным жоқ. Асықпасқа болмайды. Себебі күз түскенше тұрғынүйлер түгел салынып бітуі тиіс.
Кендебай Тұрмағанбетов - алапат тасқынның салдарынан баспанасынан айырылғандардың бірі. Сол кезде өзге де ауылдастары тәрізді абдырап қалғанымен, қазір көңілі орнына түскен. Құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүр. Жаңадан салынып жатқан үйіне күніне бір келіп, не істеліп жатқанын көріп кетеді.
Кендебай Тұрмағанбетов, ауыл тұрғыны:
Бұл пеш көмірмен жанады. 2-3 шелек салып қоясың, бүкіл үйді жылытады. Мына жерге газ-плита қояды. Керектің бәрін орнатады. Тек төсек орынмен көшіп келеміз.
Тәуіш - орталығы саналатын Жаркөл округінде 42 үйге су кірген. Соның 8-і жөнделеді, 34 қалпына келмейді. Баспанасыз қалған 12 отбасына Арқалық қаласынан пәтер берілді. 22 отбасы ауылда жаңадан салынып жатқан үйлерге қоныстанады.
Фархад Тналин, ауыл тұрғыны:
Бұл бұрынғы үйлерімізге қарағанда заманауи. Туалет-ваннасы ішінде. Ыстық суы. Су, жарық тартып жатыр. Сапасы жақсы. Құрылысшыларға рахмет.
Тағы 19 үй Көлқамыс ауылынан салынып жатыр. Жалпы Жангелдин ауданында 88 үйді су басқан. Оның ішінде жөндеуге жарайтын 20 үйді қалпына келтіруге 84 млн теңге бөлінді. 27 отбасына Арқалықтан пәтер берілді. Мұның сыртында тасқыннан шаруа қожалықтары қоныстарындағы 22 үйге зақым келген.
Гүлмира Ұзаққызы, Экономика және қаржы бөлімінің басшысы:
Соның 6-ауына 3 млн-нан ақша бөлінді. 16-сына 10-20 млн-нан қаражат беріледі жаңадан үй салуға.
Осылайша ауданда баспанаға қатысты тасқынның зардабын жою жұмысы реттелді. Ендігі мәселе құрылыстың мерзімінде, сапалы аяқталуын қадағалау. Аудан басшылары тұрғындар жаңа үйлерге тамыз айында қоныстана бастайды деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек 

Хабарламаларға жазылу