«Rixos Khan Shatyr Residences»: Өртенген үйден әлі де қауіп бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Rixos Khan Shatyr Residences»: Өртенген үйден әлі де қауіп бар

24.06.2024

Өртке оранған «Rixos Khan Shatyr Residences» тұрғын үй кешені айналасындағыларға әлі де қауіпті. Жоғарыдан түрлі қалдықтар құлауы мүмкін. Ал, жөндеу жұмыстары қашан және кімнің есебінен жүргізілетіні әзірге белгісіз.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Қазір «Rixos Khan Shatyr Residences» тұрғын үй кешенінде тұрып жатқан адамдар өте аз. Дегенмен сұхбат беруден бас тартқан тұрғындардың айтуынша, үйдің қасбетін жылдам жөндеу керек. Өйткені өрт кезінде шытынаған әйнектер желмен ұшып жерге құлап жатыр. Бұл ары-бері өткен азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіпті дейді.

Үйдің айналасы қоршалып тұр. Яғни, әлі қауіп бар деген сөз. Алайда бұл жерде адам қарасы үзілмейді. Жаяу жүргендер өте көп. Ал кешеннің жағдайына жауапты пәтер иелері кооперативінің төрағасы жөндеу жұмыстарының қашан басталатынынан бейхабар.

Өрттің неден шыққаны әрі қай жерден басталғаны да әзірге анықталған жоқ. Арнайы комиссия сараптама жүргізіп жатыр. Жөндеу жұмыстары шығатын қорытындыға байланысты басталмақ. Аудандық әкімдік осыны айтты.

Сарсенғали Ақжолов, Астана қаласы «Нұра» ауданы әкімінің орынбасары:

Қорытынды шыққаннан кейін ол жерде кінәлі адам табылатын болса, бюджет есебінен оған ешқандай мүмкіндік жоқ оны жөндеуге де жүргізуге де. Жәбірленуші жерге кінәлі  болған адам болмаса қандай да бір мекеме, болмаса қандай да бір гос орган жауапты болады. Зардап шеккен пәтерлер, қасбеттері үйдің, сыртқы келбеті оның бәрі бюджет есебінен жүргізілмейді. Анық ашып айтамыз.

Бұл тұрғын үй кешенінде 96 пәтер бар. Ішінде әлі ашылмаған, залал мөлшері белгісіздері де бар. Өйткені, иелері өзге қалада. Бұл комиссия жұмысын біраз қиындатуы мүмкін дейді мамандар.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу