Мемлекет басшысы Киевте Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа жасалған қастандыққа қатысты тергеу амалдарын жіті бақылап отыр, деп жазды Фейсбуктегі парақшасында Президенттің кеңесшісі, баспасөз-хатшысы Берік Уәли.
Киевте тұратын Қазақстан азаматы, «Бәсе» ютуб арнасының авторы Айдос Садықовты тұратын үйінің жанында көлікте отырғанда біреулердің атып кеткені туралы ақпарат жексенбіде шықты. Жанында әйелі Наталья болған. Дүйсенбіде Президент Ақордада су тасқынымен күресте ерекшеленген азаматтарды марапаттау кезіндегі сөйлеген сөзінде оқиғаға тоқталған.
«...Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша Украина тарапына ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді», – деді Президент.
Еліміздің Бас прокуратурасы бізде де тергеу тобы құрылғанын, күдіктілерді тауып, қылмыстың ашылуына септесетіндерін хабарлады. Украина Бас прокурорына шығып, көмек көрсетуге дайын екендерін айтқан. Ал Украина құқық қорғау органдары күдікті ретінде Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаевты атады.
Кеше біздің елдің Бас прокуратурасы Алтай Жақанбаевтың өзі берілгенін хабарлады. Тергелген, қамалған. Бас прокуратура «тергеу мүддесі үшін» басқа ақпаратты жарияламайтынын ескерткен. Сонымен бірге баспасөз хабарында «Украинаның құқық қорғау органдары жылдамдық пен кәсібилік танытып, қылмыс жасағандардың кім екенін жылдам анықтады» деп жазғанын айта кетейік. Мейрат Қаратаев әлі іздестіріліп жатыр. Ал Айдос Садықовқа операция жасалған, реанимацияда жатыр.