Жалғыз қолымен қапшыққа құм толтырып, ерлерге тамақ әзірлеген ерікті марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жалғыз қолымен қапшыққа құм толтырып, ерлерге тамақ әзірлеген ерікті марапатталды

23.06.2024

Атыраулық Әлия Досмұханова мүмкіндігі шектеулі бола тұра су тасқыны басталғанда алғашқы күннен қаптарға құм толтыруға көмектескен. Жайықтың жағасын бекітуге септескен. Кейінірек күні-түні жұмыс істеп жүрген адамдарға ыстық тамақ керек екенін байқап, жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанша еріктілерге дәмді ас пісіріп беріп отырған. Әлия «Құрмет» орденімен марапатталды.

Әлия Досмұханова, ерікті:

Атырауымызға тасқын су келе жатыр дегенде ешқандай марапат аламыз деген ой болған жоқ. Тек қаламызға су кетіп қалмасын деген үреймен қолдарына күрек ала алатын ер азаматтардың бәрі жаға басына жүгіргенде солармен үзеңгілесіп біздер де атсалысуға ұмтылған едік. Еңбегіміз еленіп, Президентіміздің қолынан марапат алып жатырмыз. Сезім керемет енді. Оны тек сезіну керек.

Мемлекет басшысы су тасқынымен күрес шараларына белсене атсалысқан азаматтарды Ақордаға жинап, марапаттады. Құтқарушылар, волонтерлер, белсенділер, әскери қызметшілер, дәрігерлер, қарапайым жұмысшылар, сондай-ақ кәсіпкерлер мен ірі бизнес өкілдері. 73 адамның қолын қысып, рахмет айтты.

Келмегендері қаншама. Мысалы, жинаған ақшасын Құлсары тұрғындарына аударған Кентаудағы мектеп оқушысы Гауһар Шаймерденнің ата-анасына алғыс білдірді. Мың алғыс тоқсаннан асқан Орынша Тоқтыбаққызына да! Мына видео естеріңізде болар, қап дайындап отырған Орынша әже.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Біртұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді. Олар Отан алдындағы парызын мінсіз атқарды. Бір сөзбен, антқа адал болды.

Мыңдаған адам құтқарушыларға көмектесті, өздері де адамдар мен жануарларды қауіпсіз жерлерге көшірісті, бөгеттер салды. Еріктілердің еңбегі ерен. Басында кібіртіктегенімен, ірі кәсіпкерлер қомақты қаражат бөліп бастаған есте. Олар жайлы Президент былай деді:

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олар әрдайым туған елмен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз осы. Әрине қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес. Олардың кім екенін жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады.

Президент әңгімені «Таза Қазақстан» акциясымен түйіндеді. «Оның түпкі мәні – ұлтты ортақ іске ұйыстырып, елімізді көркейте түсу, халқымыздың жаңа экологиялық сана-сезімін дамыту. Бұл – өте маңызды әлеуметтік, тіпті саяси жоба»,-деді.


Хабарламаларға жазылу