Былтыр республикалық бюджеттің 500 миллиард теңгеге жуығы тиімсіз жұмсалған. Игерілмеген қаржы да ондаған миллиард. Бұл туралы бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында айтылды. Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Сенат пен Мәжіліс депутаттарының алдында былтырғы бюджеттің атқарылуы туралы есеп берген еді.
Былтырғы республикалық бюджеттің игерілуі - бүгін біраз депутаттың ашуын келтірді. Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша 2023 жылы республикалық бюджет шығыстары 22 триллион 400 миллиард теңге болған. 73 миллиард игерілмеді. Өкініштісі, 489 миллиард теңге тиімсіз жұмсалған. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 100 миллиардқа көп.
Әлихан Смайылов, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы:
Басты проблема – бюджеттің тұрақты тапшылығы. Соңғы жылдары шығыстар едәуір өсіп келеді. Бұл ретте мұнайға қатысты емес кірістер шығыстардың 50%-ға жуығын қамтамасыз етіп отыр. Қалған бөлігі негізінен Ұлттық қордың трансферттері және қарыздарды тарту есебінен өтеледі.
Яғни, Смайылов жылда бюджетте ақша жетпейді дейді. Тапшылықты жою үшін Ұлттық қорға үнемі иек артуға тура келеді. Мәселен былтыр тағы 3 триллион теңге алдық. Бұлай жалғасса, Ұлттық қордағы қаржы көлемін 100 миллиард долларға жеткізу туралы президенттің тапсырмасын орындау қиын болады дейді ол. Депутаттарды да алаңдатқаны осы.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ұлттық қордан бюджетке трансферттер ғана емес, кез келген алып қоюларды шектеу мақсатында қандай шаралар қолданылатын болады?
Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі бұл сұраққа тосылып қалмады. Нұрлан Байбазаровтың айтуынша Ұлттық қордан аударылатын қаражат көлемі жылда қысқартылып келеді. Бірнеше жылда мүлдем тиіспейміз деп отыр.
Нұрлан Байбазаров, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ұлттық экономика министрі:
Шектеулер бар. Мысалы 2026-2027 жылдарды қарасақ біз жалпы жоспарымыз бойынша трансферттерді алуды көздеп отырған жоқпыз.
Депутаттар Ұлттық қорға қол жая бермей, бюджетті дұрыс жоспарлап, шығындарды қысқарту керек дейді. Айтуларынша бюджеттік бағдарламалар көп. Бірақ миллиардтар жұмсалғанымен нәтижесі жоқ. Былтыр сондай 10 ұлттық жоба мен 2 мемлекеттік бағдарлама жабылды. Аграрлық салада да қыруар қаржы жұмсалған бағдарламалар жабылып тынды.
Анас Бекқожаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ақыры не болды? Түйедей әлеуеті бар аграрлық саладан түймедей нәтиже ала алмай отырмыз. Міне соған қарамастан аграрлық кешенді дамытамыз деп тағы да 5 жылдық Ұлттық жоба қабылданды. Оның іске асуына 15 трлн теңге қарастырылып отыр. Біздің уайымдайтынымыз мына бюджеттік ақша жетпей қалып жүрмей ме? Мына алдыңғы бағдарламалардың іске аспай қалғанын ескере отырып, мына ұлттық жоба кезекті іске аспай қалған жобалардың қатарына кіріп қалмай ма?
Туризм, кино саласында да былық көп. Қаржылық бұзушылықты айтпағанда бөлінген ақшаны ақтамай отыр. Фильм түсіруге мемлекеттен миллиондар бөлінеді, бірақ күткендей нәтиже жоқ.
Бекболат Орынбеков, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Мысалы, «Аруақ» фильміне 300 млн теңге жұмсалса, 7 мың теңге ғана табыс түскен. «Композитор» фильміне 1,2 млрд теңге бағытталса, оның табысы 400 мың теңге болды. Ұлттық киноны мемлекеттің қолдауы орталығы бойынша, 2019-2023 жылдардағы бюджеті – 6,7 млрд теңге, ал прокат соммасы – 1,1 млрд теңге.
Досжан Маратұлы,тілші:
Айта кетерлігі былтыр 73 миллиард теңге игерілмеді дедік. Соның басым бөлігі 20 миллиардтан астам қаражатты жұмсай алмаған Қаржы министрлігінің өзі. Осылайша былтырғы бюджеттің атқарылуы жөніндегі есеп үш сағаттан аса талқыланды. Соңында Үкімет басшысы сын ескертпелерді қабыл алып, содан қорытынды шығаратындарын айтты.
Досжан Маратұлы