Мемлекет басшысы Ақтөбені су тасқынынан құтқарған зейнеткерді марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы Ақтөбені су тасқынынан құтқарған зейнеткерді марапаттады

20.06.2024

Тасқынның алдын алған маман. Ақтөбелік Шыңғыстау Әбдиев - сын сағатта Ақтөбе қаласын апаттан аман алып қалуға үлкен үлес қосқандардың бірі. Оның бұл ерлігі ескерусіз қалмай, күні кеше Ел Президентінің қолынан «Ерен еңбегі үшін» медалін алды. Сүйінші жаңалық бұл ғана емес. Бүгін тасқыннан зардап шеккен 43 отбасы жаңа пәтерге көшті.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл - «Ақтөбе» суқоймасы. Сыйымдылығы 240 миллион текше метр. Көктемгі су тасқыны кезінде бұл барынша толып, тұтас қалаға қауіп төндірді. Сол кезеңде білікті маман өте қажет болды.

Сын сағатта бөгет жұмысына жауаптылар жиналған нөпір суды тез арада ағызып жіберуі керек еді. Алайда, жылжымалы кран істен шығып, оның тілін білетін адам табылмаған. Сол сәтте көмекке Шыңғыстау Әбдиев келді. 36 жылдық еңбек өтілі бар маман былтыр ғана зейнеткерлікке шыққан болатын. Ол су өткізу қондырғысының жұмысын аз уақытта реттеп, қауіптің алдын алып үлгерді.

Шыңғыстау Әбдиев, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының маманы:

Мен бір өзім жеңе алмаймын ғой. Білекті емеспін ондай жеңетін. Бірақ менің жинаған тәжірибемнің бәрі неше жылдан бері жинаған, сол жәрдем болды деп ойлаймын. Алдағы уақытта жастарға сол тәжірибемді үйретсем. Болашақта мұндай зат болмайды деймін.

Шыңғыстау Әбдиев қазір де жұмыс орнында. Ол кеше ғана Ел Президентінің қолынан мемлекеттік награда алды. Бұл жетістігіне әріптестері де ерекше қуанып отыр.

Асхат Маңғыстауұлы, «Қазсушар» РМК Ақтөбе филиалының маманы:

Баяғыдан істеп келе жаткан адам. Соны шақырып алдық. Қолымыздан келгенін істеп жаттық, сонда да көрсетсін ағай деп. Бізге келіп, көрсетіп, сол кісінің арқасында аман қалдық, жасыратын дымы жоқ.

Білікті мамандардың көмегімен «Ақтөбе» суқоймасынан үлкен қауіп болмағанның өзінде, облыс орталығында ондаған адамның үйі суға кетті. Дегенмен, уайымға толы күндер артта қалды. Еркін Жұмахановтың отбасына да үш бөлмелі жаңа пәтер берілді.

Еркін Жұмаханов, қала тұрғыны:

Ертең бұйырса заттарымызды алып кетеміз, мына жаққа көшеміз. Сөзбен жеткізе алмаймын. Эмоция деген. Жаңа көрдіңіз ғой, мамам жылап жіберді.

Бүгін Еркін секілді тағы 43 отбасы жаңа пәтерге ие болды. Олардың көбі осы уақытқа дейін жатақханаларда тұрды. Жалпы, облыс бойынша қазірге дейін 307 отбасыға дайын үйлер сатып алынды. Тағы 517 баспана салынып жатыр.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу