«Масс-медиа туралы» заң: Отандық бағдарламалардың үлесі артады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Масс-медиа туралы» заң: Отандық бағдарламалардың үлесі артады

20.06.2024

Отандық өнімнің үлесі артады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Масс-медиа» туралы заңға қол қойды. Жаңа құжатқа сәйкес, мемлекеттік тілдегі бағдарламалардың апта сайынғы көлемі 60 пайыз болмақ. Ал, жарияланған материалға бір жылдан кейін ешкім сотқа шағымдана алмайды. Журналист сұраған ақпараттық сауалға 5 күннің ішінде жауап берілуі тиіс. 

Шұғыл ақпаратқа жауапты мекеме 3 сағаттың ішінде жауап беруге міндетті. Ал, кең көлемдегі сауалға 5 күн ішінде ақпарат берілуі тиіс. Журналистің талабын орындамағандар тәртіптік жазаға тартылады. Сөгіс немесе қатаң сөгіс алады.

Нұртөре Жүсіп, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Бұған дейін жарияланымдардың мерзіміне нақтылық жоқ болатын. Кез келген 30 жылдың ішіндегі баспасөзге немесе БАҚ шыққан мақалалар бойынша азаматтар сотқа жүгіне алатын. Бір жылға қысқаруының өзі де үлкен, жақсы нормалардың бірі деп айтуға болады.

Яғни, бір жылдан кейін авторды ешкім сотқа бере алмайды. Енді интернет-басылымдар да Бұқаралық ақпарат құралдарына жатады. Заңға сәйкес тіркеле алады. Осыған байланысты «Масс-медиа туралы» заңға интернет басылым ұғымы енгізілді.

 Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Этикалық нормаларды толығырақ сақтайтын біздің ортада кәсіби кеңестердің құрылуы осы заң арқылы көрсетілген. Яғни, тек республикалық деңгейде емес, аймақтарда, өңірлерде осы кәсіби кеңестердің құрылуы арқылы этикалық нормалардың сақталуына жол ашылады деген ойдамын.

Енді жеке меншік Бұқаралық ақпарат құралдарына да мемлекеттен гранттар беріледі. Мұндай қолдау отандық контенттің дамуына жол ашады дейді мамандар. Отандық өнімнің үлесі артады. Есесіне, шетелдік бағдарламалардың саны қысқарады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Масс-медиа туралы» заң 60 күннен кейін күшіне енеді.

Самал Қабышева 

Хабарламаларға жазылу