Ресейде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытыла бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытыла бастады

20.06.2024

Ресейдің Алтай Республикасының мұғалімдері қазақ тілі оқулықтарын жазып шығаруда. Осыған дейін тек бастауыш сыныптарына анралған оқулық жарық көрсе, енді жоғары сынып оқушылары үшін де кітаптар жазылды. Бұл барлық Ресейде қазақ тілін міндетті пән ретінде оқытуға сеп болмақ.

Оңтүстік-батыста Қазақстанмен шекаралас Алтай Республикасында 15 мыңға жуық қандас тұрады, бірнеше таза қазақ ауылы бар. Алайда қазақ мектебі жоқ. Өйткені бар оқулықтар Ресейдің білім бағдарламасына сәйкес келмейтін, сондықтан ана тілі сыныптан тыс оқытылды. Енді Алтай Республикасында бірнеше мектептің бастауыш сыныбы қазақ тілін міндетті пән ретінде оқи бастады.

Серікжан Қыдырбаев, Қосағаш ауданының әкімі:

Біз аз болсақ та тілімізді, дәстүрімізді сақтап қалдық деп ойлаймын. Бізде қазақ тілді 2300-дей бала оқиды. 8 мектебіміз бар, 28 қазақ тілі мұғалімі бар. Ресейдің ішінде біз кішкентай ғана аудан болсақ та кітабымыз бар. Ресейдегі үлкен ағаларым, жеңгелерім маған шығып, бізге де осы кітаптан беріңдерші, бізге де сатыңдаршы деген. Сонда мен біреуін де сатқан жоқпын, келіңдер, алыңдар, беріңдер деп айтып отырмын.

Бір ғана Қосағаш ауданының мұғалімдері қазақ тілі мен әдебиет пәнінің жаңа оқу әдістемесін дайындап, ана тілдің мәртебесін арттырды, оған 10 жылға жуық уақыт кеткен. Осылайша бастауыш сынып оқушылары үшін оқулықтар шығарылды.

Игорь Сұлтанбаев, Алтай Республикасы білім басқармасының бөлім басшысы:

Орыс тілден қазақ тіліне, алтай тілінен қазақ тіліне аудару қиын. Бүгінгі күні біздің 5-11-ге дейін кітабымыз дайын. Ол қазір жергілікті сараптамадан өтіп жатыр. Одан кейін біз оны Ресейдің сараптамасына жібереміз.

Мамандардың айтуынша, соңғы жылдары қазақ тілін жетік меңгергісі келетіндердің саны артқан. Жергілікті қазақтар ұлттық дәстүрді сақтап, өнерді ұлықтап жүр.

Жанайдар Нұрсәлиев, Алтай Республикасының тұрғыны:

Қазақ қазақ болып қалу үшін біріншіден тіл. Сол үшін тілімізді ұмытып қалмау үшін әрине келешекте қазақ мектебі ашылады деген үміттеміз. Қазақ халқымыз, қазағамыз өркендеп, бақытты өмір сүрсін деп ойлаймыз.

Алтай Республикасында алты қазақ ұйымы тіркелген. Мектептен тыс үйірмелерде де ана тілін оқыту ісі жалғасуда.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу