Астана жолдарында ұзын-сонар кептеліс пайда болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана жолдарында ұзын-сонар кептеліс пайда болды

19.06.2024

Астана көшелері кептелістен көз ашпай тұр. Әсіресе жаз айларында бұл мәселе тіпті ушығып кетеді. Биылғы жағдай тіптен күрделі. Қазір елорда жүргізушілері көше кептелістерінде бұрынғыдай минуттап емес, сағаттап тұратын жағдайға жеткен. Қоғамдық көліктердің жүру бағыттары да бір күн ішінде бірнеше рет өзгеріп, жолаушыларды әбігерге салуда. 

Биыл Астана қаласының ең маңызды күретамыр көшесі – Мәңгілік Ел мен Қабанбай батыр даңғылы жөндеу жұмыстарына жиі-жиі жабылып қалуда. Екеуі де оң және сол жағалауды, әуежай мен автовокзалды байланыстыратын негізгі жолдар. Бұл көшелер жабылса тұтас қаланының қозғалысы тұралап қалады. Бірақ осы екі көшеге жөндеу жұмыстарын бір уақытта жүргізу ұтқыр шешім болмаса да, барлығын ережеге сай істеп жатырмыз, дейді әкімдіктегі мамандар.
Шүкіржан Оразметов, Астана қаласы әкімдігінің бас маманы:
Егер регламентпен қарайтын болсақ жол жөндеу жұмыстары әр 6-7 жыл сайын жүргізілу керек. Қазір біз сол ережеге сәйкес жолдың тозығы жеткен үстіңгі қабатына ғана орта деңгейдегі жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Олардың барлығы тексеріліп барып, жөндеуге ұсынылады.
Жол жөндеуге жабылып, кептеліс күшейгендіктен қоғамдық көліктердің де жүру жолдары жиі өзгеруде. Қалада осы шаруаға жауапты «City Transportation Systems» серіктестігі жолаушылар үшін барынша жағдай жасауға тырысуда. Барлық әлеуметтік желіде қоғамдық көліктердің өзгерген жүру бағыттары туралы алдын-ала мәлімет беруде. Инстаграм, телеграм, фейсбук және уатсап желісі арқылы да маршруттардың жүру бағыттары мен жабылған жолдар мен аялдамалар туралы ақпаратты күні түні жаңартып отыр. Тіпті интернетті пайдаланбайтындар 109 жедел желісіне хабарласып, толық мәлімет алуына болады. Одан бөлек халыққа қолайлы жағдай жасау мақсатында түнгі автобустарды да іске қосқан.
Оксана Әубәкірова, «City Transportation Systems» ЖШС баспасөз хатшысы:
Былтыр 8 жаңа маршрут қосылса, биыл 10 қосамыз. Оның ішінде айналмалы 55-ші бағдар қосылды. Үш түнгі автобус қосылды. ЭКСПО кезінде 1 автобус болса, қазір 3 автобус. Бұл халық санының өсуіне байланысты және Астанада жазғы мезгілінде көптеген шаралар өтеді, кеш аяқталады. Сол себепті халыққа ыңғайлы болу үшін түнгі 00:00-ден таңғы 06:00-ге дейін жүреді. Бағасы сол 90 теңге.
Ақпаратты жеделдету мақсатында алдағы 1-2 күнде аялдамадағы таблоларға да қосымша мәліметтер жүктеледі. Сол арқылы жолаушылар уақыты мен жол жүру бағытын алдын ала жоспарлай алады.
Ғабит Ұзақбай, тілші:
Астана-әдемі қала негізі, тек мынадай көлік кептелістері болмаса. Бірақ бұның өзі уақытша қиындық. Алдағы айларда халықаралық деңгейде бірнеше ірі іс-шаралар өтеді. Соған орай қаланың дайындығы өте қарқынды. Дегенмен жол жөндеу жұмыстарының негізі бөлігі шамамен 10-15 күнде аяқталды, - дейді жауапты мамандар.

Ғабит Ұзақбай

Хабарламаларға жазылу