Мемлекет басшысы тасқынмен күреске белсене қатысқандарды марапаттады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы тасқынмен күреске белсене қатысқандарды марапаттады

19.06.2024

Еңбек пен ерлік еленген күн. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тасқынға қарсы жан аямай күрескен бір топ азаматты марапаттады. Әскерилер, полицейлер, құтқарушылардан бастап қарапайым азаматтар ордендерге ие болды. Президент қиын-қыстау сәтте халықтың жанынан табылған әр азаматқа ризашылығын білдіріп, алғысын айтты. Бұрын-соңды болмаған жойқын апатты ел болып еңсергенімізді жеткізіп, мызғымас бірлігімізді танытқанымызды айтты.

Ақордаға келіп Президенттің қолынан марапат аламыз деген ой бұл кісілердің үш ұйықтаса да түсіне кірмеген. Барлығы дерлік сын сағатта аянып қалмады. Тасқынға қарсы білек сыбана күресті. Бүгін сол еңбегі мен ерлігі еленіп, алғысқа бөленді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Расында өте ауыр сынақтан өттік. Дегенмен әр нәрсенің қайыры бар. Сын сағатта еліміз ырысты ынтымағын танытты. Біз табиғи апат кезінде жұрт болып жұмылдық. Бір тұтас ел екенімізді көрсеттік. Құтқарушылар, әскерилер, ішкі істер органдары мен әкімдік қызметкерлері тәулік бойы жұмыс істеді.
әулік бойы жұмыс істеген сол азаматтар Президенттің қолынан Алғыс хаттан бастап, «Ерен еңбегі үшін», «Ерлігі үшін»  медальдарымен және «Айбын», «Құрмет»  ордендерімен марапатталды. Соның бірі - Батыс Қазақстан облысының құтқарушысы сержант Қуаныш Құмаршиев. Оның тасқын кезіндегі ерлігі ерек. Белден мұздай су кешіп, көліктерге күндіз-түні жаяу жол көрсеткен. Өйткені 6 шақырым жердегі аудан орталығы Қаратөбеге апарар трассаны қарғын су басқан еді. Бірақ Қуаныш қарап қалмады.

Биылғы тасқынның ауқымы адам шошытады. 10 өңірде бірдей төтенше жағдай жарияланды. 19 мыңнан астам тұрғын үйді су басты. Тіпті әскерилер, полицейлер мен құтқарушылардың қатарына қарапайым тұрғындардың да қосылуына тура келді. Сондай азаматтың бірі Қалимұрат Сариевтің кеудесіне Президент «Құрмет» орденін тақты. Ол Батыс Қазақстан облысындағы Аққозы ауылдық округі топан судың астында қалғанда жұртты өзінің тракторымен қауіпсіз жерге көшірген.
Қалимұрат Сариев, кәсіпкер, ерікті:
Біздің ұйымшылдығымызбен біздің бірлігіміздің арқасында біз төтенше келген су тасқынын тоқтата алдық деп ойлаймыз. Енді алдағы уақытта мұндай төтенше жағдай болмасын дейміз. Еліміз тыныш жұртымыз аман болсын.
Атыраулық Әлия Досмұханованың да тасқын кезіндегі әрекеті көпке үлгі. Мүмкіндігі шектеулі бола тұра алғашқы күннен қаптарға құм толтыруға көмектесіп, Жайықтың жағасын бекіткен. Бірақ кейіннен ер азаматтарға керегі ыстық тамақ екенін түсініп, жағаны бекіту жұмыстары аяқталғанша еріктілерге дәмді ас пісіріп беріп отырған. Бүгін «Құрмет» орденін алды.
Әлия Досмұханова, ерікті:
Атырауымызға тасқын су келе жатыр дегенде ешқандай марапат аламыз деген ой болған жоқ. Тек қаламыз су кетіп қалмасын деген үреймен қолдарына күрек ала алатын ер азаматтардың бәрі жаға басына жүгіргенде солармен үзеңгілесіп біздер де атсалысуға ұмтылған едік. Еңбегіміз еленіп, президентіміздің қолынан марапат алып жатырмыз. Сезім керемет енді. Оны тек сезіну керек.
Залдағы әрбір азаматтың да еңбегі мол. Келмей қалғандары қаншама. Мәселен Президент жинаған ақшасын Құлсары тұрғындарына аударған оқушы қыз Гауһар Шаймерденнің ата-анасына да алғысын айтты. Әрі көмек қолын созған алыс-жақын елдердің басшыларына ризашылығын білдірді. Сондай-ақ тұрғын үйлер мен инфрақұрылымды қалпына келтіруге көмектесіп жатқан кәсіпкерлерді арнайы «Алғыс хатпен» марапаттады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Олар әрдайым туған елмен бірге екенін нақты іспен дәлелдеді. Ұлт мүддесіне жауапкершілігі мол кәсіпкерлік дегеніміз осы. Әрине қалыс қалған кәсіпкерлер де аз емес. Олардың кім екенін жақсы білеміз. Біз ешкімді мәжбүрлеген жоқпыз. Әркім өз таңдауын жасады.
Қазір қиындықты еңсердік. Ендігі міндет тасқын салдарын жою. Қазір су басқан өңірлерде бұл жұмыстар қызу жүріп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірлік бар жерде береке болады. Баспанасыз қалған азаматтарға Қазақстан халқына қоры есебінен тұрғын үй салуға қаражат бөлінді. Жалпы 2200-ден астам үй салынады. Сондай-ақ 10 мыңға жуық үй күрделі жөндеуден өтеді. Ал кейбір аймақтарда азаматтарымыз жаңадан салынған үйге көшіп жатыр.
Досжан Маратұлы, тілші:
Осылайша Мемлекет басшысының қолынан 73 адам марапат алды. Алайда тасқынға қарсы ел болып күресіп, бірліктің арқасында жеңдік деді Президент. Сондықтан өзгелерге де жер-жерде тиісті құрмет көрсетілмек. Өйткені ел мүддесі үшін жасалған еңбек пен ерлік ешқашан ұмытылмайды. Бүгінгі марапатты халықтың алғысы деп түсіну қажет деді Мемлекет басшысы.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу