Қарағанды облысында 90 мың гектар алқап игерілмей бос жатыр. Биыл барлығы мемлекет меншігіне қайтарылады. Оның жартысына жуығы Қарқаралы ауданына тиесілі. Қайтарылған жер кәсіпке икемі бар жастарға беріледі.
Нұрбек Құлмырзақ 2017 жылы кәсіп ашу үшін Көктас ауылына көшіп келген. Қазір мал шаруашылығымен айналысады. Бірақ төрт түлікті өсіруге шабындық тың жоқтығы қолбайлау болды дейді. Сондықтан конкурсқа қатысып, 2 жыл бұрын ғана 760 гектар жер алған.
Нұрбек Құмырзақ, шаруа қожалығының басшысы:
Енді бос жатқан жерлер, жата бермеу керек. Басқа үлкен шаруашылықтар бар ғой, солар ұтып алады. Оны әкімдікпен, халықпен ақылдасып халыққа қалдыра беру керек. Ауылда адамдарда техникалар бар. Жерді соларға бөліп берсе, одан артылғанын алам деген жас жігттерге ауылыма келем деген кәсіпкерлерге беруге болады.
Ауылда ата кәсіптің ебін тауып, егін егіп, мал өсіргісі келетін жастар жетерлік. Бірақ басты мәселе жердің жоқтығы. Берсе ауылдан алыс, ал жақын маңдағы жерлер ірі қожалықтардың еншісінде.
Жандос Бақытұлы, тілші:
Аудан бойынша осындай 30 мың гектарға жуық жер игерілмей бос жатыр. Оның жартысынан көбі мемлекет құзырына қайтарылмақ. 54 кәсіпорынның мұндай бассыздығы спутниктік бақылау арқылы анықталған.
Жерді пайдаланудың өз талаптары бар. Мысалы мал шаруашылғы болса 15 гектарға бір жылқыдан келуі керек. Бір сиырға 12 гектар, қой басына 2,5 гектар жер тиесілі. Бұл талаптар бұзылса шаруа жерді мемлекетке қайтарады.
Нариман Есов, Қарқаралы ауданы Жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Жер берілгеннен кейін мониторинг жүргізеді. Ең алғашқы ашылған шаруашылық болатын болса, 5 жыл қатарынан жыл сайын тексеріліп отырады. Сол аралықта олар мал басын сәйкестендіру керек, шөп шабу жұмыстарын жүргізу керек.
Қазір Қарқаралы ауданында 3,5 млн гектар жер бар. Жыл басынан бері 4 мың гектар жер мемлекетке қайтарылған.
Жандос Бақытұлы