Үкімет отырысы: Өткен жылы 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысы: Өткен жылы 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған

17.01.2023

Жыр болған жайылым мәселесі бүгін Үкімет отырысында тағы көтерілді. Өткен жылы 5 млн гектардан астам жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 4,8 млн-ы жайылымдық жерлер. Заңсыз біреудің игілігіне өтіп кеткен, немесе игерілмей қалған жерлерді қайтару бойынша әзірге Қарағанды облысы көш бастап тұр. 

Малға жайылым таппай жүргенде жер пайдаланушылардың немқұрайлығынан 90 млн гектар эрозияға ұшырап кеткен. Ауыл шаруашылығы министрі осылай деді. Оның 29 млн-ы енді мүлде жарамсыз. Есесіне қазір 15 облыста мал жаю үшін 9 млн гектарға жуық жер жетіспейді. Бұл көбінесе жеке қосалқы шаруашылықтарда мал санының өсуімен байланысты.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Елімізде пайдаланылмай бос жатқан жайылымдардың жалпы көлемі қанша? Және оларды қайтарып алудың мүмкіндігі қандай?
Ербол Қарашөкеев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Ғарыштық мониторинг деректерінің жұмысы бойынша 11,8 млн га пайдаланылмай жатқан жерді анықтадық. 29 5 млн қосымша қайтару жұмыстарын әр облыста, аудан бөлінісінде бөліп бекітіп қойдық.

Қазір бұл бағыттағы жұмыстар басталып кетті, - деді министр. Заңсыз иеленген және игерілмей жатқан жерлерді қайтару келер жылы да жалғасын табады.

Өткен жылы мемлекет меншігіне 5,2 млн гектар жер қайтарылды.

Алқаптар аумағы бойынша Қарағанды облысы көш бастап тұр. Аймақта 1 млн 224 мың гектардан астам жер қайтарылды. Түркістан облысында 521 мың, Қостанай аймағында 518, Ақтөбе облысында 510 мың гектарға жуық жер мемлекет меншігіне өтті. Алғашқы бестікті Павлодар облысы түйіндейді. Аймақта 379 мың гектар жер қайтарылды. Ал ең аз жер қайтарылған аймақ – Абай облысы. Мұнда небәрі 67 мың гектар жер мемлекет менішігіне қайтарылған.

Қарағанды облысы - 1 224 801

Түркістан облысы - 521 700

Қостанай облысы – 518 239

Ақтөбе облысы - 509 801

Павлодар облысы - 379 294

Абай облысы – 67 060

Бұл мәліметтер ауыл шаруашылығы жерлерінің интерактивті картасында кез келген азаматқа қолжетімді. jerkarta.gharysh.kz геосервисінде бұған дейін игерілмеген, заңсыз беріліп, мемлекетке қайтарылған учаскелер туралы барлық ақпарат орналастырылған. Үкімет басшысы жиында әсіресе ауыл маңындағы жерлерді қайтару маңызды деді.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:
Жайылымдық жермен қамтамасыз етпейінше мал шаруашылығын толыққанды дамыту мүмкін емес. Бұл – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар аса маңызды мәселе.Осы жылы тағы 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарлануда. Жалпы өңір әкімдері жайылым мәселесін, оның ішінде қайтарылған жерлерді бөлуді ерекше бақылауда ұстау қажет.

Қазір жердің одан әрі тозуын болдырмау да аса маңызды. Осыған байланысты, ауыл маңындағы жем-шөп алқаптарын жақсарту шаралары қолға алынды. Өткен жылдан бастап 205 млн гектар ауыл шаруашылығы жері цифрландырылды. Карта 2024 жылдың соңында аяқталады. Оның көмегімен жерді қайта бөлген кезде қатаң бақылау жүргізуге мүмкіндік болады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу