Оралда тасқын салдарынан кей жолдар жөнделмеуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда тасқын салдарынан кей жолдар жөнделмеуі мүмкін

19.06.2024

Оралда жергілікті бюджет қаражаты тасқын салдарын жоюға жұмсалып жатқандықтан, кейбір көше жолдары жөнделмей қалуы мүмкін. Қазір қолда бар қаржыға 50 көшені орташа жөндеу басталған. Биыл жоспар бойынша 120 шақырым жол тақтайдай тегістелмек. Мүлдем асфальт төселмей, көк шаңы шығып жатқан он шақты көшенің жолы да қайта салынбақ. Кей учаскелерде жолдың аптап ыстық пен саршұнақ аязға, ауыр жүк көлігінің салмағына төзімділігін арттыру үшін жаңа әдіс енгізілген. Ой-шұңқыры көп Тюленин көшесімен шетелден келетін жүк көліктері жүреді. Жаңбыр жауса, су жиналады. Осы бөлікке арық жүйесі салынып, әрі асфальтқа жаңа қоспа қосылған.

Жарас Ахметов, құрылыс компаниясы директорының орынбасары:

Эксперимен жоба болады. 200 метрге полимер асфальт қосылады. Қазақстандық модификациялық полимерлік қоспа. Бұл асфальттың төзімділігін күшейтеді. Кольиность болмайды. Жарықшақтың алдын алады.

Жандос Дүйсенғалиев, қала әкімінің орынбасары:

121 шақырымның жалпы қажет қаржысы - 10 млрд 400 млн теңге. Бірақ қазір қолымызда тек 5 млрд теңге қаражат бар. Қалғаны жоқ. Су тасқынына байланысты қиыншылықтар бар. Шығындарын өтеу, басқа да жұмыстар бар. Оның барлығына қаржы қажеттілігіне орай, кейбір жобаларымыз жүзеге аспай қалуы мүмкін.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу