Еуропа чемпионатының кезекті күні тартысқа толы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еуропа чемпионатының кезекті күні тартысқа толы болды

19.06.2024

Германияда өтіп жатқан футболдан Еуропа чемпионатының кезекті күні тартысқа толы болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан түрік футболшылары айқын басымдыққа жетсе, Криштиано Роналду бастаған португалиялық футболшылар камбэк жасап жанкүйерлерін тәнті етті. \

Керем, футбол жанкүйері:

Барлығы тамаша болып жатыр. Біз әлемдегі үздік командамыз. Біз бұл жарыста топ жарамыз. Арда Гюлер, Кенан Йылдыз, Керем Актюркоглу біздің үмітімізді ақтайды. Бұл жерде барлығымыз керемет көңіл күйдеміз. Дәл осылай Еуроны аяқтаймыз

F тобындағы қос команда ойынды белсенді бастады. Түрік футболшылары алғашқы минуттардан допқа көбірек иелік етіп, қарсылас қақпасы торуылдаумен болды. Ойынның 25 минутында 25 жастағы Мерт Мюлдюр Грузиялық қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, матчтың есебін ашып кетті.

Турнир дебютанттары Грузия құрамасының да шабуылы уақыт өткен сайын күшейіп, Георгиос Микаутадзе 32 минутта таразы басын теңестіріп үлгерді

Екінші таймда Түркия құрамасы тағы да есепте алға шықты. Реал Мадрид футбол клубының шабуылшысы Арда Гюлер екінші рет Грузия қақпасынан саңылау тапты

Матчтың аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Грузия құрамасының бұрыштама кезінде барлық ойыншылары Түркия қақпасының маңына жиналды. Дегенмен есепті теңестіре алмады, жылдам қарымта шабуыл жасаған Винченсо Монтелланың шәкірттері есепті 3-1 ге өзгертті.

Мерт Мюлдюр, Футболдан Түркия құрамасының ойыншысы:

Жаңбырлы күні ойнау қиын. Қарсыластан дәл осындай ойынды күттік. Дегенмен қалаған нәтижеге жеттік. Бұл әлі басы. Сондықтан қазір нақты қорытынды жасау қиын. Барлығы алдағы ойындарда шешіледі.

Бұл топтағы екінші матч Португалия және Чехия құрамалары арасында өтті. Алдымен Чехия футболшылары гол соқты. 62 минутта Лукаш Провод көзге түсті. Алайда ойын соңына дейін Криштиано Роналду бастаған жігіттер камбэк жасап кетті. 69 минутта Робин Гранач өз қақпасына гол соғып алса, Франсишку Консейсау жеңісті голдың авторы атанды.

Ерсін Ерік


Хабарламаларға жазылу