Түркістан облысында шегіртке қаптаған ауылдарда қауіп біртіндеп сейіле бастады. Арыс қаласына қарасты Байтоғай елдімекенінде жаппай дәрі себу жұмыстарының нәтижесінде зиянкестердің көзі жойылды. Қазір шаруалар қайта егістік басына барып, қалған бақша дақылдарын күтіп баптауда. Десе де Шардара ауданының Достық, Сүткент, Алатау мен Көксу ауылдарына зиянкестерді улау жұмыстары жалғасуда.
Арыс қаласына қарасты Байтоғай ауылында тұратын шаруа Битемір Қарнеев биыл үш гектар жерге қарбыз еккен. Екі миллион теңгедей шығын жұмсаған. Алайда он күн бұрын лап қойған шегіртке бақша дақылының біраз бөлігін жеп, түйіндерін кесіп тастапты. Бастапқыда өз күшімен әрекет еткенімен зиянкестермен күресуге шама келмеді дейді.
Битемір Қаренеев, шаруа:
Алғашқы күндер өзіміз күндіз түні алыстық. Болмаған соң мемлекеттен көмек сұрадық. Соның арқасында алып қалдық негізі. Өз күшімізбен алып қала алмайтын едік.
Зиянкестерден зиян шеккен диқандардың тағы бірі Нұрпейіс Мамытов та енді ес жиып жатырмыз дейді. Қазір қарбыз еккен алқабында өлген шегірткелер үйіліп жатыр. Оны біртіндеп тазартып, қалған өнімін аман алып қалуға тырысып бағуда. Дер кезінде әуеден улап, көліктермен дәрі шашпағанда еккен қарбыздан түк қалмайтын еді дейді.
Нұрпейіс Мамытов, шаруа:
Жаппай шегіртке келді, лап берді. Әрекетімізді қызып өзімізше балон жағып, бірдеңе қылып әрекетімізді жасадық. Артынан Үкімет, мемлекет дәрісін шашып, осындай дәрежеге келді.
Қазір Арыстағы ауылдарда зиянкестерді улайтын көліктер әлі де жүр. Себебі шегірткеден келетін қауіп әлі де сейілген жоқ дейді мамандар. Сондай-ақ көршілес жатқан Шардара ауданында да шаруалар мақталық алқаптар мен бақша дақылдарын отап жатыр. Қазір бұл аумаққа барлық күш жұмылдырылған. Келтірілген шығын көлемі есептеле бастады.
Бектас Мұзафаров, облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары:
Жалпы облыс бойынша 165 гектардай жерге зиян келтірді деп есептеліп жатыр. Ішінде егістік жерлер бар, жайылым жерлер де бар. Қазіргі техникалар шаруалардың қалған шегірткелердің қауіптілігі болып жатқан жерлерін залалсыздандырып жатыр.
Мамандар марокко шегірткесінің өсіп жетілуі 75 пайызға жетіп, шарықтау жегіне жақындап қалғанын айтады. Яғни бірер күнде қалған зиянкестердің көзі табиғи түрде жойылады. Одан кейін арнайы ошақтары зерттеліп, келер жылға дәрілеу аумағын анықтаймыз деп отыр.
Айнұр Әбілқасымқызы