Оралда саяжай тұрғындарына 450 жаңа үй салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда саяжай тұрғындарына 450 жаңа үй салынады

18.06.2024

Оралда тасқыннан зардап шеккен саяжай тұрғындарына 450 жеке тұрғын үй салынатын болды. Жаңа баспаналар, қала іргесіндегі Зачаган кенті мен Деркөл, Жұлдыз шағынаудандарында бой көтереді. Қазір, өңірдің Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Бәйтерек аудандарында 401 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, баспанасы тұруға жарамды деп танылған ауылдықтар, үйлерін жөндеуге кіріскен. Ал саяжай тұрғындарына жаңа және қолданыстағы үйлерден пәтерлер сатып алу жалғасып жатыр. Күні бүгінге 200-ден астам отбасы жаңа үйде қоныс тойын тойлап үлгерді. Қала ортасындағы жаңа қоныс жайлы әрі саяжайдағыдай емес, мектеп, балабақша, емхана секілді әлеуметтік нысандар жақын орналасқан. Қалалық комиссияға саяжай тұрғындарынан 10 мың жарым өтініш түсті. Солардың ішінде 4500-ге жуығы - саяжайы жалғыз баспанасы деп танылған тұрғындар.

Сағат Ахметов, қала тұрғыны:

Өте қуаныштымыз. Президентімізге, Үкімет басшыларына, әкімшілікке көмектесіп жатқандарына. Әр қазақ баспаналы болсын! Мектеп бәрі жақын жерде. Бұрын баламыз орталыққа келіп оқып жүрді, бәрі тасымал болды. Қазір бәрі жақын жерде, жайлы.

Қанат Шарлапаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:

Толықтай қала тұрғындары 400 пәтер құжаттарын алды. 216 адам жаңа пәтерге кірді. Осының бәрі - Президент тапсырмасы. Басты мақсат - 1 қыркүйекке дейін барлық зардап шеккен адамды баспанамен қамтамасыз ету.


Хабарламаларға жазылу