Астанада эстрада жұлдыздары 3 ай бойы ашық аспан астында тегін концерт береді. Ұйымдастырушы QazExpoСongress ұлттық компаниясы. Мақсат - жаз бойы елордалықтар мен қала қонақтарына ерекше көңіл-күй сыйлап, мәдени демалыс ұсыну. Маусым этнофестивальмен ашылды. Концерт көріп келген әріптесім толықтырады.
EXPO іскерлік аумағында жазғы концерттік маусым басталды. Енді әр демалыс күні кешкі 7-ден бастап эстрада жұлдыздар Астана тұрғындары мен қонақтарына әннен шашу шашады. Бұл іс-шара қыркүйекке дейін жалғасады.
Гүлжан Сергебаева, «QazExpoСongress» ҰК» АҚ баспасөз хатшысы:
Былтыр мысалы 13 концерт өткізілді. Биыл да біраз концерт өткіземіз деген жоспар бар. Солардың ішінде «101» тобы мен Қайрат Баекенов, Маржан Арапбаева, Мирас Жүгінісов сынды әртістер өз өнерлерін көрсететін болады. Бүгін жазғы сахнаның шымылдығын этнофестиваль ашады.
Сондай-ақ көрме алаңында Garage fest жәрмеңкесі өтті. Мұнда 50-ге жуық кәсіпкер ұлттық нақыштағы бұйымдарды, экосөмкелер мен майшамдар және өзге де тұрмысқа қажетті дүниелер ұсынды. Кәсіпкерлер бұл әлеуметтік жоба алдағы уақытта жалғасын тапса дейді.
Меруерт Нұрмағамбетова, кәсіпкер:
Мен өзім қолдан жасайтын дастархан, раннер т.б. алжапқыш соларды істеп алып келемін. Негізі жәрмеңке өте жақсы өтеді. Әр өткен сайын ярмарка жақсырақ болады. Әрине, қалаймыз. Өте жақсы ұйымдастырылады.
Сондай-ақ мұндағы Болашақ энергиясы мұражайы да кешкі уақытта жұмыс істейді. Мұнда қала қонақтары баламалы қуат көздерінің түрлерімен таныса алады. Ал кішкентай балаларды іскерлік аумақта роллердром алаңы күтеді.
Динара Жарқынбек