Атырауда ер адам бұрынғы әйелін пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда ер адам бұрынғы әйелін пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен

17.06.2024

Атырау қаласындағы көпқабатты үйдің дәлізінде, ер адам, бұрынғы әйелін пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткен. Қазір 29 жастағы күдіктіге қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды. Ал жәбірленушінің жағдайы тұрақты ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр.

33 жастағы келіншектің сыртқа шыққаны сол еді. Баспалдақта аңдып тұрған азамат әйелдің мойын тұсынан пышақ салып, ізім-қайым жоқ болып кеткен. Алған жарақатының салдарынан қазір атыраулық келіншек ауыр халде ауруханада жатыр.

Сабыр Демегенов, дәрігер:

Тұрақты ауыр жағдайы. Мойын ашық жарақаты болып тұр. Осыған байланысты бір жақ қол-аяғы әлсіз. Қозғалыстары шектелген. Кешенді ем алып жатыр.

Белгілі болғандай, күдікті бұрын азаматтық некеде тұрған жұбайы болып шықты. Арада бірнеше күн өтсе де күдікті әлі қолға түспеген. Қазір 29 жастағы азаматқа қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тергеу басталды.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңгер:

Бұл жерде пышақпен ауыр және аса ауыр дене жарақаттарын салды. Адамның өміріне қол сұғуға болмайды. Денсаулығына нұқсан келтіруге болмайды. Қылмыстық кодекспен жазаланады.

Депутат әрі заңгер Абзал Құспанның айтуынша, енді әйелге пышақ салмақ түгілі, қол жұмсағанның өзі қылмыстық кодекспен қаралады. Күні кеше әйелдердің құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заң күшіне енді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біріншіден денсаулыққа қасақана зиян келтіргені үшін 200 АЕК айыппұл төленеді. 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылады. Және 50 тәулікке қамаққа алынады. Егер ұрып соғу бабына тап болса онда 80 АЕК төлейді, 80 сағатқа жұмысқа тартылып, 25 тәулік қамалады.

Жаңа заңға сәйкес, әйелге қол жұмсағандар 295000 теңге айыппұл төлейді немесе 25 тәулікке қамалады. Ал қасақана зиян келтірсе 795000 теңге төлеп, 50 тәулік бас бостандығынан айырылады. Енді аса қатігездікпен азаптағандардың да жазасы ауыр. 3 млн 700 мыңға жауық айыппұл төлеп, 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Денсаулыққа қасақана ауыр зардап келтіргендер 3-тен 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Іздестіру жұмыстарының басталғанына 1 аптадан асса да әйелін пышақтап, қашып кеткен азамат бүгін де табылмады. Күдікті ұсталса қандай жаза күтіп тұрғаны тергеп-тексеру амалдарынан кейін ғана белгілі болады.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу