Президент комаға түскен сарбаздың ісін мұқият тергеуді тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент комаға түскен сарбаздың ісін мұқият тергеуді тапсырды

17.06.2024

Отар ауылындағы әскери бөлімде сарбаздың комаға түсуіне қатысты іске Президент араласты. 19 жастағы Нұржігіт Әбділпаттаның анасы ұлына әлімжеттік жасалғанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, әлеуметтік желіге видео жариялаған еді. Мемлекет басшысының Баспасөз хатшысы Берік Уәли Президент бейнеүндеумен танысқанын хабарлап, мән-жайды мұқият зерттеуге тапсырма бергенін жеткізді.

Бұл 19 жастағы Нұржігіт Әбділпатта. Қостанайлық азамат биыл көктемде Жамбыл облысы Отардағы нөмірі 30212 әскери бөліміне борышын өтеуге аттанған. Екі аптадан кейін салтанатты түрде ант қабылдауы керек еді. Алайда есін жоғалтып, комаға түскен. Анасы Жанна Жанәлі ұлына әлімжеттік жасалғанына сенімді. Жыларман болып, әлеуметтік желіге видео жариялаған ол, Президенттен көмек сұраған еді.
Жанна Жанәлі, комадағы сарбаздың анасы:
Халі өте нашар деді. Дәрігерлер комада жатыр дейді. Өкпесі, бауыры, бүйрегінде кінәрат бар.Бала өзі демала алмайды, аппарат қосылып тұр. Баланың жағдайы қалай болатынын білмеймін. Дәрігерлер «тек Құдайға сыйынып отырыңыздар, қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз» деді. Оқиға туралы бірден айтпады, іс-әрекеттер қабылдамаған. Ешкім жауапкершілік алғысы келмейді, жауап бергісі келмейді.
Жанна жалғыз ұлының жағдайы туралы бір апта бұрын білген. Айтуынша алғашқыда әскери полиция қызметкері хабарласып, ұлының вирустық инфекция жұқтырып, ауруханаға түскенін айтқан. Кейін комада жатқаны белгілі болды. Жағдайы оңалмаған соң, санавиациямен Алматыға әскери клиникалық госпитальге жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша Нұржігіттің денесі тексерілген. Көгерген жері болмапты. Тек екі өкпесі қабынған. Әзірге бірдеңе деп айтуға ерте дейді.
Болат Тасыбаев, Алматыдағы әскери клиникалық госпитальдің жетекші терапевті:
Науқас жансақтау бөліміне жатқызылып, қажетті медициналық көмек көрсетілу үстінде. Әскери қызметшінің жағдайы ауыр. Қазір алып жатқан медициналық көмек тиісті деңгейде беріліп жатыр.
Ал Нұржігіттің қаруластары болса, оны бөлімше командирі қолын қалтасына салып тұрғаны үшін іш тұсынан ұрып жібергенін айтыпты. Бірақ комаға бірден емес, араға уақыт салып барып түскен. Сондықтан сарбаздың есін жоғалтуына нақты не себеп болғаны белгісіз. Әлімжеттік пе? Әлде сырқат па? Оны тергеу анықтайды. Іске Президент Қасым-Жомарт Тоқаев араласты.
Берік Уәли, ҚР Президентінің кеңесшісі - Президенттің баспасөз хатшысы:
Мемлекет басшысы болған оқиғаның мән-жайын мұқият зерттеп, кінәлі адамдарды жазалауды талап етті. Президент Қорғаныс министріне армияда мұндай жағдайға жол бермеу қажет екенін ескертіп, тергеу амалдарын бақылауға алуды тапсырды.
Ал комадағы сарбаздың анасы бүгін тағы бір бейнеүндеу жасап, Президентке алғысын білдірді. Оның бар тілегі бауыр еті баласының сауығып кетуі.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу