Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң – қасіретің

16.06.2024

Ислам дінін біз VIII ғасырдан бері ұстанып келеміз. Ата-бабаларымыз өз салтымен, өз дәстүрімен, өз сана кеңістігі, өз пайымымен ұстанды, біз солай қабылдадық. Ұлттық құндылықтарымызды жоғалтпадық. Отан, туған жер, ұлт, ана тілі деген қастерлі тағандарымыз бар. Ал өзінің мұсылмандығын бөлектеу киім киіп, бөлектеу әңгіме айтып көрсететін, біздің ата-бабаларымыз саралап алған жолдан бөлек соқпаққа түскен адамдарға реакциямыздың жайдары болмайтыны табиғи. Иә, адам құқы бар, адамның наным-сенім бостандығы бар.

Алайда біріншіден, ол наным басқалардың нанымын таптамауы керек. Екіншіден, жүрген-тұрғаны заң аясында болуы тиіс. Үшіншіден, қоғамда алауыздық, жеккөрушілік, жауыздық сияқты сезім де, әрекет те туғызбауы қажет. Көпшілік қаламайтын жүйе мен тәртіптің орнағанын қалайтын (бұның демократиялық жаңаруларға қатысы жоқ), мешеу және радикалды пайымдармен өлшейтін адамдардың көбейгені өте қауіпті. Олардың сыртқы пошымы туралы айтсам, тағы адам құқығына барып тіреледі, негізі әңгіменің кімдер туралы екені түсінікті ғой, сөз таным-түсінігі қай әлеммен ұштасатыны бірден байқалатын адамдар жайлы. Атырауда Амандық Сағынғалиев есімді азаматты Мұхтар Ахмедов деген біреу аямай ұрып, ақыры Амандық ажал құшты. Әлгінің «Мерседес» маркалы көлігін Амандық Сағынғалиев «Газель» көлігімен сырып кеткен. Бар-жоғы осы. Видеоны қиналсақ та көрдік, азамат қанша соққы алса да, жауап бермейді. Ал анау қоймай, үсті-үстіне төпелетіп ұрады...

Сөйтіп Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауданының тұрғыны Амандық Сағынғазиевтің отбасы, жақындары аңырап қалды.

Полицияның мәлімдеуінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр. Әлгі изоляторда.

Амандық Сағынғалиевтың ұлы фейсбук әлеуметтік желісінде жазба қалдырған, онда Абылай Ахметов: «Әкем үнемі жол үстінде жалғыз жүрді... Анам тілекші. Бала көңіл келетін уақытын шамалап отырамыз. Екі араның жолын білгесін бе екен, келеді-ау деген уақытта забор жағалап шаң көрінсе «келді-келді» деп мәз болатынбыз. Ысқырып келіп тоқтаған уаздың шаңы артынан көміп үлгергенше әкем шарбаққа кіріп үлгеретін...

Қаладан елге тамақ тасып, аманатын қоса арқалап келетін. Жиырма бес жыл қысы суықта, жазы ыстықта мігір көрмеді. Құжырадай дүңгіршектен бастаған кәсібі бүгінде үлкен дүкенге айналды... Алғаны алғыс, қимылы ширақ. Бетіне талай жыл артқа тастаған жолдың қыртысындай әжімдер біліне бастағаны болмаса. Ыржиғанда сол баяғы.

...Қазір үшінші күн болды аппаратта өмір мен өлімнің арасында жалғыз күресіп жатыр... Біз бұл жолы нақты қашан келетінін білмейміз. Әкем бұл жолда бірінші рет болғасын. Шаң көрінсе екен тезірек…

Шаң көрінбеді. Сақалы қауғадай әлгі, көлігі сырылғаны үшін бір азаматты...

Шәкәрім Құдайбердіұлының өлеңінен үзінді:

Қазақтың түп атасы — батыр Түрік,

«Арабсың» деген сөздің түбі шірік.

«Пәленше сахабаның затысың» деп,

Алдаған дін жамылған өңкей жүлік.


Хабарламаларға жазылу