Әкелердің балаға деген махаббаты бір төбе - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әкелердің балаға деген махаббаты бір төбе

15.06.2024

Сал ауруына шалдыққан ерекше балалар қоғамда өз орындарын тауып, үлкен жетістіктерге жетіп жүр. Бұл әрине ең бірінші ата-аналарының ерік жігері мен талап ниеттерінің арқасы. Астана қаласында тұратын сондай ата-аналардың бірі ұлдарын Боча спортына қатыстырып биік белестерді бағындырып жүр. Әкесі мен баласының ортақ еңбектері мен жемісті жеңістері туралы тілшіміз Ғабит Ұзақбайдан білейік.

Ерхаттың жасы қазір он сегізде. Соңғы жылдары Боча спортымен әуестеніп, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Бұған дейін ірілі-ұсақты сайыстың бәріне қатысқан. Қазір республикалық жарыстарда қарсыластарына мықты бәсекелестің бірі. Бұның барлығы әкесі Алматтың орасан зор еңбегі. Оқуы, сабағы, спорты үшін жанын салып, тер төгуде. Осы үшін «Сіз батыр әкесіз», - деген сөзімізге, «ол артық бағалау, бұл менің парызым», - деп жауап берді.

Алмат Мұратов, Ерхаттың әкесі: 

Жоқ, батыр әке деп есептемейміз. Бұл енді адамның ниетіне байланысты. Балаға деген махаббатқа байланысты. Бұл жерден ешқандай батырлық көріп тұрған жоқпын. Бірақ баланы тәрбиелеу біздің парызымыз.

Ғабит Ұзақбай, тілші:

Теңіздерден кешіп өтіп кетпей ме, Жан ботасын сағынғанда ару ана. Әрине ананың балаға деген махаббатын жоғары қоямыз. Бірақ бізде баласы үшін мұзды ойып, тауды жарып өтуге дайын әкелер бар. Дәл қазір Алмат ұлымен бірге республикалық жарысқа дайындалып жатыр. Бүгінгі сайыстың салмағы ауыр. Қатысушылар 23 қаладан келеді. Ал біздің кейіпкерлеріміз өздеріне нық сенімді.

Әкенің белсенді тәрбиесінің арқасында Ерхаттың қыры ашыла түскен. Қаладағы әлеуметтік орталыққа келіп өнерін ұштаған соң, нәтижелері де жаман емес.

Айғаным Өтеулиева, әлеуметтік қызметкер:

Бұл баланың ақындық өнері де бар. Кітапты көп оқиды. Бір кітапты 2-3 күнде бітіріп тастайды. Өзім таң қаламын. Кітаптың кез-келген жерін сұрасам, оқып айтып береді.

Алмат сияқты белсенді әкелердің қатары артқан. Әсіресе соңғы уақытта бұл дағды жақсы байқалуда, дейді орталық директоры.

Ердәулет Аманбай, әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры:

Соңғы уақытта осы біздің орталықта балалалардың әкелері әр түрлі мәдени іс-шараларға қатысып жүр. Бұл тенденция алдағы уақытта көбейе береді деп ойлаймын.

Әдетте ер азаматтар үлкен жүрегінен шығатын ықылас сезімін байқата бермейді. Әйтпесе әкенің балаға деген махабаты қашанда бір төбе ғой.

Ғабит Ұзақбай


Хабарламаларға жазылу