Ертең – Құрбан айт мерекесі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең – Құрбан айт мерекесі

15.06.2024

Ертең мұсылмандардың қасиетті мейрамы – Құрбан айт мерекесі. Бұл күні құрбандыққа мал сойылып, ізгі амалдар жасалады. Базарға баруға мүмкіндігі жоқ жандар үшін Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы арнайы сайтты іске қосты. 

Енді қазақстандықтар «qurban2024.kz» сайтына кіріп, құрбандық малын таңдап, онлайн аударым жасай алады. Одан соң телефоныңызға құрбандық шалынғаны жөнінде бейне есебі жіберіледі. Тапсырыс берушілер еш күмән келтірмеуіне болады. Мал шариғат талаптарына сай сойылады, - дейді дін өкілдері.

Кенжеәлі Мырзабаев, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти:

Тек қана үлкен қалалар емес, жалпы кішігірім қалаларда да, аудандарда да құрбан шалатын өзі орны бар, ол жерді таза ұстайды. Санитарлық талаптар сақталады.     Мал шалынған сайын тазаланып отырады. 

Алматы іргесіндегі мына мал базарына құрбандық шалушылар таңнан ағылуда. Басым бөлігі қой таңдап жатыр. Себебі, ірі қараны қалтамыз көтермейді дейді.

Гаухар Сүлейменова, қала тұрғыны:

55 мыңнан алғанбыз. Биыл 65 мың болып тұр екен. Ертең, арғы күндері бағасы көтерілетін шығар.

Базар сатушылары Құрбан айтта бағаны барынша қымбаттатпауға тырысып жатқандарын айтады. Мысалы, қой жасына, салмағына қарай түрлі бағада саудаланып жатыр.

Құрманжан Жексенбаев, саудагер:

Базарда бізде мына жерде қазір неше түрлі бағалар бар. Салмағына қарай сатылады. Құрбан айтқа 45-тен 50,70-ке шейін. 30 кг қойлар бар. 65-70 мыңнан. 35 кг бар. Әртүрлі қолжетімді баға.

Діни басқарма еліміз бойынша құрбандық шалуға арналған арнайы 81 орын бекіткен. Оның 14-і – Алматы қаласында. Сойылған мал еті тізім бойынша көпбалалы отбасылар мен жетім-жесірлерге таратылады.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу