600 әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

600 әскери қызметкер БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысты

15.06.2024

Қазақстандық бітімгерлердің жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі мен кәсібилігі әлем бойынша жоғары деңгейде бағалануда. Соңғы 20 жылда еліміздің 600-ден астам әскери қызметкері БҰҰ-ның бітімгершілік операцияларына қатысты. Ал биыл тұңғыш рет Қазақстанға тәуелсіз бітімгершілік миссиясын жасақтауға мандат берілді.

Қазақстан НАТО-ның «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасы бойынша бітімгерлік қызметін 2000 жылы басттаған еді. Үш жылдан кейін 27 адамнан тұратын инженерлік-саперлік жасақ Иракқа барып 4 миллионнан астам оқ-дәрі мен жарылғыш заттарды залалсыздандырды. Кейін арнайы дайындықтан өткен әскерилер Кот-д'Ивуар, Батыс Сахара, Ливан, Африка елдерінде қызмет етті.
Ермек Төлесов, Бітімгершілік даярлық орталығының аға офицері:
Қазақстанның жаһандық аренада бітімгерші ел ретінде, бітімгершілікті қолдайтын ел ретінде, бейбітшілікті қолдайтын ел ретінде өзін ұсына алды. Қарулы күштеріне пайдасы орасан зор. Айта кететін болсақ, тәжірибе.
Ал биыл наурыз айында Қазақстанның бітімгершілік контингенті Мемлекет басшысының мақұлдауымен Голан жоталарына жіберілді. Онда 12 елден мыңнан астам әскери қызмет атқарады. Ал 7 мамыр күні Фауар бітімгерлік базасында Қазақстанның Мемлекеттік туы көтерілді. Бұл - тарихи оқиға, үлкен мәртебе. Себебі еліміздің бітімгерлік контингенті Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясын өз бетінше орындауға мандат алды. Демек бұл, қазақстандық әскери қызметшілердің дайындығы өте жоғары деңгейде деген сөз.
Нұржан Мұсаипов, Қазақстандық бітімгерлер ротасының майоры:
Алғаш рет біз осы Галан жоталарына барамыз дегенде, біраз қобалжу болды. Себебі, күнделікті жаңалықтардан көреміз, Газа мен Израиль мемлекеті арасындағы іс-қимылдар. Бірақ алғашында біз дүниежүзіндегі ең қауіпті миссияға дайындалдық. Бұл Мали мемлекетіндегі миссия. Сол себепті біздің жеке құрамға Голан биіктіктеріндегі миссия аса қауіпті болғанымен жеңіл естілді деп ойлаймын.
Қазіргі таңда 139 адам ұлттық контингент құрамында қызмет атқарады. Олардың 8-і әйел. Әскерилерге қойылатын талап қатал. Ең алдымен ыстық пен суық климатқа өте төзімді болу керек. Психологиялық даярғылы мығым, денсаулығында кінәрат болмауы тиіс. Ағылшын тілінде емін-еркін сөйлей алу маңызды.
Ермек Төлесов, бітімгершілік даярлық орталығының аға офицері:
Біздің Қорғаныс министрлігі үкімет тарапынан олардың айлық-жалақысы 3 есе көп. Ай сайын 3 есе көп жалақы алады және БҰҰ тарапынан ұлттық контингент құрамында қызмет атақарып жатқан әскери қызметкерлер ай сайын 1448 доллар ақша алып тұрады.
Бүгінде қазақстандық әскерилер төрт бірдей операцияға қатысуда. Олар Голан биіктерінде, Оңтүстік Судан Республикасында, Абьейде, сондай-ақ Палестина мен Израиль арасындағы бітім шартының орындалуын бақылап жүр.

Тәуірбек Бозекен

Хабарламаларға жазылу