Ақтөбеде баспанасы суға кеткен 31 отбасы үйлі болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде баспанасы суға кеткен 31 отбасы үйлі болды

14.06.2024

Ақтөбеде баспаналары суға кеткен 31 отбасы қоныс тойын тойлады. Оларға жаңа пәтерлердің кілтін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев тапсырды. Өңірде барлығы 992 үй тұруға жарамсыз болып қалған еді. Жауаптылардың айтуынша, келесі аптада демеушілер есебінен тағы қырықтан аса пәтер тапсырылуы тиіс.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бүгін беріліп жатқан баспаналардың барлығы жаңа үйлерден таңдалған. Сегізі бір, қалғаны екі бөлмелі пәтерлер. Жөндеуц жұмыстары аяқталған. Тұрғындар бірден заттарымен бірге көшіп келе алады.

Жаңа пәтерлердің бірі Мәншүк Қабповаға бұйырды. Зейнеткер бұл күнді ұзақ күткенін айтады. Махамбет елді мекеніндегі оның баспанасы үшінші жыл қатарынан суға кетіпті. Ал, биылғы нөпір судың екпіні тіпті қатты болып, үйі құлап қалған. Дегенмен, қиындықтың бәрі артта қалды. Енді жайлы, жылы пәтерге көшіп келмек.

Мәншүк Қаюпова, қала тұрғыны:

Қуанышым шексіз. Рахмет. Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Бір бөлме болса да, кең, жақсы екен.

Бүгін Мәншүк секілді тағы отыз тұрғынға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Бұл отбасылардың көбі екі айдан бері туыстарын жағалап жүрген еді. Тіпті, құлағалы тұрған үйлерінің бір бұрышын паналап отырғандары да бар. Жаңа баспаналар демеушілер есебінен «Қамқор Ақтөбе» қоры арқылы беріліп жатыр.

Ләззат Ахметова, қала тұрғыны:

Осы кезде дейін жүгіріп жатыр. Біз адамдар шыдамсыздаумыз ғой енді... Құжат тапсыр дегенде тапсырып жатырмыз. 

Бұған дейін де демеушілер есебінен Темір, Ырғыз, Мұғалжар және Әйтеке би аудандарында тасқыннан зардап шеккендерге 30-дан аса баспана табыс етілді. Мәселен, Батпақкөл мен Құмсай ауылдарынан 11 үй сатып алынды. Қанат Бозымбаев Қобда ауданындағы құрылыс жұмыстарына оң баға берді. Кейбір әкімдерге жұмысты жеделдетуді тапсырды.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Ал, Ойылда мен жергілікті әкімшіліккке біршама тапсырма бердім. Бұл жұмысты дұрыстап қолға алу қажет. Біріншіден, материалдарды көбірек алып келу керек. Авансты көбірек беру керек компанияларға. Сосын жұмысшылар санын екі есе өсіру керек.

Облыс бойынша 517 үй салынуы тиіс. Қазір мердігер мекемелердің есепшотында 26 миллард бар. Бұл құрылыс жұмыстарын аяқтауға толық жетеді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу