Елімізде кассациялық сот құрылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде кассациялық сот құрылады

14.06.2024

Елімізде жаңа кассациялық сот құрылады. Жаңа модельді іске асыруға қосымша қаржы керек емес. Жүйе сот төрелігі мен әділдігінің артуына септігін тигізбек. Мәжіліс пен Сенаттың бірлескен отырысында қаралған «сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» заң жобасында осындай ұсыныс бар. Сондай-ақ, құжатта сот төрелігінің сапасын, судьялардың кәсіби біліктілігін, олардың жауапкершілігі мен тәуелсіздігін арттыруға бағытталған тетіктер қарастырылған. 

Кассациялық сот Астана қаласында отырып, бүкіл республикалық деңгейде жұмыс істейді. Төменгі сот шешімімен келіспегендер бірден осында жүгіне алады. Бұл - сот жүйесінің әділ жұмыс істеуіне кепілдік беріп, азаматтардың сенімін арттырады.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Осы кезге дейінгі тәртіп қандай еді, Жоғарғы сот бір судья құрамында кассациялық алқаға бере ме бермей ме бір өзі шешіп келді. Міне соны жойдық. Президент те бұл туралы айтқан болатын. Президент тапсырмасына сәйкес кассациялық соттар өз алдына құрылып жатыр.

Кассациялық сот үш бағытта жұмыс істейді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істерді толық қарайды.

Судьялар корпусының жауапкершілігіне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Құжатта «заңды өрескел бұзу ұғымы» нақтыланған. Қандай да бір қателік жіберген қазының ісі бірден сот жюриінің қарауына жіберілмек.

Нұрлан Бекназаров, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Судья қандай да бір кемшілік жіберген болса, ол Жоғары соттан, облыстық соттан тыс барлығы сол сот жюриінде қаралатын болады. Арыз-талап, жіберілген кемшіліктердің барлығы тыс қалмайды. Бұрындары Жоғарғы сот төменгі соттардың кемшіліктерін анықтаған жағдайдың 25 пайызы ғана қаралып отыр.

Яғни, даулы іске төрелік ететін судьялардың әр шешімін сүзгіден өткізетін арнайы орган болмақ.

Нұрсерік Шәріпов, ҚР Жоғарғы сотының Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы:

Сот жюриі сөгіс жариялайды. Қызметінен төмендетеді, судьялық қызметінен босатады. Оның заңда белгіленген құзіреті бар.

Судьяның кәсіби біліктілігін бағалау қазіргідей 1 жыл емес, 3 жылғы еңбегінің нәтижесімен жүргізіледі. Одан бөлек қазылардың тәуелсіздігін қамтамасыз етуде. Олардың құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселелері ескіріп отыр. Яғни олардың мәртебесі заңмен қайта бекітілмек.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

Сот - бейтарап, тәуелсіз әрі әділ болуы шарт. Өйткені олардың шешімімен төрелігін көткендердің тағдыры таразыға салынатыны анық. Ал бүгінгі заң жобасы сот төрелігі мен судьялардың мәртебесі бойынша жылдар бойы жасалып жатқан реформаның тармағы. Құжат бүгін бірлескен отырыста бірінші оқылымда мақұлданды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу