Бала қауіпсіздігі: Оқыс жайттардың 70% ата-ананың салғырттығы себеп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала қауіпсіздігі: Оқыс жайттардың 70% ата-ананың салғырттығы себеп

13.06.2024

Елімізде күн сайын кемі 3 бала терезеден құлап немесе уланып қайтыс болады. Бейкүнә бүлдіршіндерді ажал құштыртатын оқыс оқиғалардың 70 пайызына ата-ананың салғырттығы себеп. Енді жаңа заңға сәйкес бала қауіпсіздігі үшін жаза күшейтілді. Ата-ана бүлдіршіннің денсаулығына қасақана зиян келтірсе, ұрып-соқса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. 

Атыраулық тұрғын аптап ыстықта сәбиін көлікке құлттап кетіп, одан айырылып қала жаздады. Анасы қайтып келгенде, бір жасар сәби ес-түзсіз жатқан.

Ержан Есболаев, Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы:

Бала біздің ауруханамызға өте ауыр халде жеткізілді. Жағдайы өте ауыр. Балада құрысу, дене қызуы қатты көтерілгеніне байланысты құрысуы болған және бас миының ісінуі анықталды.

Ал Ербол Қуанышбаевтың ұлын осыдан бір ай бұрын ат теуіп, бас сүйегін жарып жіберген. Оқиға болған күні 5 жастағы Ықыласты балабақшаға жібермей, әкесі өзімен бірге мал жаюға алып барған.

Ербол Қуанышбаев, Ықыластың әкесі:

Баламды тепті, содан жерге құлады. Аттың тепкені бар, жерге құлағаны екінші соққы. Сонымен, комаға түсіп қалды, қорылдап ұйықтап қалды. Дәрігерлер операция жасамаса болмайды, баланың жағдайы өте төмен деді. 

Осы ретте баланың өмірін қауіпке төндіретін ата-ананы да назарда ұстау керек, дейді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Айгүл Есімбекова, бала құқықтары жөніндегі уәкіл:

Біздің қоғамда ата-аналардың әлі күнге дейін біз де бір-бірімізді бағып, солай өстік деген түсінік бар. Тіпті, баланы үйде жалғыз қалдырады, жалғыз өзін дүкенге жұмсап жібереді, өзімен бірге мал жайылымына, суға алып барады. Мұның бәрі бала өміріне қауіп төндіреді.

 Заңгерлер де сол қауіптің басты себебі - ата-ананың салғырттығы деп сенімді айтып отыр.

Кәмшат Шынтегі, заңгер:

Осы балалары қайтыс болғандардың ата-аналарын жауапкершілікке тартпаған соң, өлді ғой енді, өлетін адам өлді деп немқұрайлы қарауы заңда да ол осы ең жаман нәрсе. Бұл жерде заң қатал болуы керек. Сонда ғана көп нәрседен тыйылады. 

Жыл басынан бері елімізде 40 бала терезеден құлап, төртеуі мерт болған. Арық пен ашық қалған кәріз құдығына түсіп, суға батқан 28 бала көз жұмды. Одан бөлек, жазатайым 29 оқиға тіркелсе, оның 9-ы өліммен аяқталған. Мамандар енді жаңа заң күшіне енсе, балаға қатысты қайғылы жағдайлар азаюы мүмкін деген үмітте.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу