Абай облысындағы 4 ауданның тұрғындары айналма жолдың азабын тартып отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысындағы 4 ауданның тұрғындары айналма жолдың азабын тартып отыр

13.06.2024

Омбы-Майқапшағай халықаралық жолының салынып жатқанына 8 жыл. Алайда әлі бітетін түрі жоқ. Әсіресе Қалбатау-Майқапшағай бөлігінің астаң-кестеңі шығып жатыр. Осы бағытпен қатынайтын шығыс пен Абай облысындағы 4 ауданның тұрғындары жол азабын тартып отыр. 

Төрт жүз он бес шақырым болатын халықаралық жол оншақты учаскеге бөлініп, құрылысқа бірнеше мердігер тартылды. Бірақ жұмыс еш мандымады. Арада 2-3 жыл өткенде мемлекеттен бөлінген қаржы талан-таражыға түскені анықталды. Қылмыстық іс те қозғалды. Алайда айналма жолдың азабын ауыл тұрғындары тартып жүр.

Сырым Сағадиев, Ақсуат ауданының тұрғыны:

Ақсуат ауданы, Тарбағатай, Зайсан, Көкпекті ауданы түгел осы халқы шаршап, осы жолдан қиындық көп келіп жатыр. Машинаның сынығына. Адамдар шаршап, қалға барып қайтқанда. Діттеген жеріне шаршап. Осы жол тезірек жөнделсе екен деген бүкіл халықтың тілегі.

Бауыржан Мұратов, Көкпекті ауылының тұрғыны:

Күтіп жүрміз жолдың қашан жасалып бітетінін. Шаң мен батпақ жауын кезінде болады. Батпақ болады. 

Шаңнан әбден зәрезап болғандар Зайсан немесе Аягөз арқылы айналма жолмен жүреді. Бірақ оның да сапасы оңып тұрған жоқ.

Олжас Керейхан, тілші:

Бұл жерде көпір құрылыс бірнеше жыл бұрын басталған. Алайда жұмыс аяқталған жоқ. Бір түсніксіз жағдай, көпірді салу үшін бетонды құйып жататын. Бірақ қазір алғашқы құйылған бетонның бөлшектерін бұзып қопарып алып жатыр.

Мун Ши Лай, мердігер компанияның өкілі:

Алғаш бастап салған кезде көпір қисық болған. Қазір соны бұзып жоба бойынша қайта саламыз. Қазір тағанынан бастап жөндейміз. Шамамен 2 айда бұл жердегі жұмысты аяқтаймыз.

8 жыл бойы созбалаңға түскен жол құрылысына ендігі жауапты бас мердігер- қытайлық компания. Олар жұмысқа наурыз айында кірісті.

Дамир Сапарғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» облыстық филиалы директорының орынбасары:

Бұл жобаға 200-ден аса техника 350 адам тартылған. Осы қарқыннан жаңылмасақ, жыл соңына дейін бір қабат асфальт төсеп, көлік жүруге жарамды етеміз.

Абай облысы аумағындағы 175 шақырым жолдың бүгінге дейін 35 шақырымына асфальт төселді. Қалған 140 шақырымының әлі шаңы шығып жатыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу