Бүгіннен бастап «Хам кафе» комедиясы көрерменге жол тартты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгіннен бастап «Хам кафе» комедиясы көрерменге жол тартты

13.06.2024

Бүгіннен бастап еліміздің барлық кинотеатрында «Хам кафе» комедиясы көрсетіледі. Бұл – «Tiger Films» кинокомпаниясының кезекті туындысы. Фильмде дәмханаға келушілер мен әкімшілердің арасындағы шым-шытырыққа толы оқиға баяндалады.

Бір көше бойында орналасқан қос дәмхананың арасындағы бәсекелестік кино сценарийіне арқау болған. Бірінің саудасы қызып, келуші қонақтары көп. Ал бизнесі дұрыс жүрмеген екінші дәмхананың әкімшісі ашу үстінде келушіге дүрсе қоя береді. Дәл осы дөрекі мінезі әлеуметтік желіге тарап, оқиға осы жерде қыза түседі.

Еркебұлан Тоқтар, актер:

Бұл сценарийде кейіпкердің характеристикасы жақсы жазылған. Кейбіреуінде дұрыс жазылмайды да, оның ойнаған кезде біз қиналамыз. Қиналғаннан кейін ертесі күні кино шыққан кезде, мен өз персонажыма өзім сенбеймін. Ал бұл фильмде мен өз персонажыма сендім.

Комедиялық жанрда түсірілген киноның режиссері - Дархан Сәркенов. Ол актерлік труппаның сәтті таңдалғанынан, кино бар-жоғы 13 күнде түсірілді, деп отыр. Сондай-ақ, фильмде басты рөлді сомдаған Еркебұлан Тоқтар ерекше шеберлігін көрсетті дейді.

Дархан Сәркенов, режиссер:

Еркебұлан табиғатынан өзінен икемді, пластилин сияқты өте сондай талантты әрі юморды жақсы түсінеді. Сондықтан да өте жеңіл, сосын өзің ойлаған әзілдеріңді, диалогтарыңды жақсы жеткізуге болады. Сондықтан Еркебұланмен өте қолайлы, жақсы жұмыс істеген.

Шағын кәсібін дамытудың ерекше әдісін тапқандар туралы фильмнің сценарийін Ерлан Әбрайымов жазған. 90 минутқа созылған туынды табиғаты әсем Алматыда түсірілген.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу