Damumed-тегі қателік: Тұрғынды «есірткіге тәуелді» деп көрсеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Damumed-тегі қателік: Тұрғынды «есірткіге тәуелді» деп көрсеткен

12.06.2024

Алматылық келіншек перзентханадан шыққанын растайтын құжатты алу үшін Damumed қосымшасын жүктеп, ондағы мәліметті оқып таң қалған. Өйткені, қосымшада өзінің есірткіге тәуелділер тізімінде тұрғанын байқаған.

Мадина Жарболованың айтуынша, Damumed-те оның 2019 жылы әлеуметтік қызметкерге жүгінгені көрсетілген. Тіпті, қабылдау қағазында науқастың нашақор екені жазылған, онымен психокоррекциялық әңгіме де жүргізілді делінген. Бірақ келіншек мұның өтірік екенін айтып отыр. Сондай-ақ, ол үйіне емхана қызметкері келгенін де жасырмай айтып, бір түннің ішінде қосымшадағы деректерді түзетуге тырысқан деп шағымданды.

Ал жауапты №17 қалалық емхана осы жайтқа қатысты тиісті тексеру жүргізілетінін хабарлады. Сондай-ақ, қалалық денсаулық сақтау басқармасы «Damumed» қосымшасы енді іске қосылып жатқан кезде кеткен техникалық қателік болуы мүмкін деп отыр. Енді емхана мен тұрғын «Damumed»-ке жалған мәліметті жою туралы арыз түсірмекші. Егер қосымшадан өшірілмесе, іс сотқа кетеді.

Әйгерім Ердәулет




Хабарламаларға жазылу