Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанның БРИКС елдерімен тауар айналымы артты

12.06.2024

БРИКС тобына мүше мемлекеттер мен еліміздің тауар айналымы былтыр екі есеге өсті. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Ресейде өткен БРИКС-тің дамушы елдерімен диалогының сессиясында айтты. Форум «Әділетті жаһандық даму мен қауіпсіздік үшін көпжақтықты нығайту» тақырыбына арналды. Мұрат Нұртілеу қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешу үшін ұжымдық күш-жігердің маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, алауыздыққа жол берген елдерді елдестірудегі Қазақстанның елеулі қадамдары туралы да баяндады.

Мұрат Нұртілеу, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары-Сыртқы істер министрі:

Өткен жылы БРИКС мүшелерімен біздің тауар айналымымыз екі есеге өсіп, 70 млрд АҚШ долларынан асты. Біз цифрлық технологиялар, маңызды пайдалы қазбалар, ауыл шаруашылығы, инфрақұрылым, инвестициялық жобалар және басқа да салалардағы байланыстарды одан әрі кеңейтуге ниеттіміз.

Сондай-ақ, Үкімет басшысының орынбасары Мұрат Нұртлеу Түркия, Ресей, Иран, Шри-Ланка, Беларусь Сыртқы істер министрлерімен екіжақты кездесу өткізіп, ынтымақтастықты арттыру жайын талқылады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу