Қазақстан мен Корея ел стратегиялық әріптестікті дамытуға уағдаласты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Корея ел стратегиялық әріптестікті дамытуға уағдаласты

12.06.2024

Елімізге мемлекеттік сапармен келген Корея Республикасының Президентін «Ақорда» резиденциясында салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Әуелі Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Салтанатты қарсы алу рәсімінен соң президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Мемлекет басшысы өзінің шақыруын қабыл алып, елімізге сапармен келгені үшін кореялық әріптесіне алғыс айтты. Сондай-ақ мұны екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға деген шынайы ниеттің айқын көрінісі деп бағалайтынын жеткізді. Өз кезегінде Юн Сок Ёль екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің 15 жылдығы қарсаңында Қазақстанға сапармен келгеніне қуанышты екенін білдірді. Келіссөз барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Юн Сок Ёль екі ел арасындағы қарым-қатынасты кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеруге ниетті екенін тағы да растады. Сондай-ақ осы байланыстарды саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың нақты бағыттары бойынша одан әрі нығайта түсуге өзара ниет білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Корея Республикасы – біз үшін сенімді серіктес әрі стратегиялық әріптес. Екі елдің достық дәстүрге негізделген қарым-қатынасы тереңнен тамыр тартады. Біз барлық деңгейде тығыз байланыс орнаттық. Күн тәртібіндегі мәселелер іскерлік рухта және сындарлы негізде шешімін тауып келеді. Қазіргі таңда екі ел арасындағы тауар айналымының көлемі 6 миллиард долларға жетті. Бұл – ортақ күш-жігердің жемісі. Ауқымды экономикалық жобаларды іске асырдық.

Юн Сок Ёль, Корея Республикасының Президент:

Біз аса маңызды шикізаттарды игеру, атом энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері секілді перспективті бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайтуға ниеттіміз. Жалпы, екі мемлекеттің ықпалдастық көкжиегін кеңейтетін уақыт келді. Осы сапар алдында Үкімет Кореяның Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығы туралы K-Silk Road бастамасын жариялады. Бұл – Кореяның Орта Азияға қатысты алғашқы дипломатиялық стратегиясы.

Шерхан Жамбылұлы


Хабарламаларға жазылу