Ақмола облысының Бұланды ауданына қарасты Капитоновка ауылында тасқын судан зардап шеккен тұрғындар үшін жаңа үйлердің құрылысы басталды. Жаңа қонысқа жарық, су, газ желілері де тартылуда. Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, құрылыс жұмыстары алдағы екі айда аяқталады.
Сайран Түлібаевтың жалғыз баспанасы осыдан бірер ай бұрын апатты деп танылған. Содан бері зейнеткерде тыным жоқ. Қабырғасы жарылып, қираған үйіне жиі барады. Қария күндіз-түні күл-қоқыс шығарып, тасқыннан бүлінген дүние-мүлкін кептіріп әлек.
Сайран Түлібаев, ауыл тұрғыны:
Міне, бәрі, опырылып жатыр. Тақтайшаларын алып тастағанбыз. Кептіріп жатырмыз. Жаңа үй салғанына қуаныштымыз. Күнде барып, қарап тұрамыз. Енді жігіттер жақсы істеп жатыр. Техникалар барлығы тоқтамайды.
Капитоновка ауылында 300-ден астам үй бар. Халқы мыңға жуықтайды. Тосыннан келген қарғын су елді мекендегі 30-ға жуық баспананы жайпап кеткен еді. Қазір тең жартысы тұруға жарамсыз.
Ұмсындық Наурызбаева, тілші:
Қатты екпінмен келген қарғын су өзенге жақын орналасқан мына үйлердің сау тамтығын қалдырмаған. Көбінің іргетасы отырып, қабырғасы жарылыпты. Тек осы көшенің өзінде 10-нан астам үй тұруға жарамсыз деп танылған. Сондықтан жаңа үйлер ауылдың қақ ортасында салынып жатыр.
Ауыл орталығынан бой көтерген 15 үйдің құрылысы бір апта бұрын басталды. Құрылысшылар тынымсыз екі ауысыммен жұмыс істеуде. Бірер күнде баспаналардың қабырғасын көтереді. Жұмыс күші де, материал да жеткілікті.
Дәулет Жакин, құрылысшы:
Таңертең бастаймыз 6-дан сағат 9-ға дейін. Жалпы материалдар жақсы. Әкеліп жатыр. Бәрі жақсы. Тоқтап жатқан жоқ. Жұмыс жүріп жатыр.
3 бөлмелі баспананың жалпы ауданы 89 шаршы метр. Жер учаскесі -8 сотық.
Темірболат Андаров, құрылыс компаниясының директоры:
Үй әдемі болады. Осындай ауылда ондай үйлер жоқ.
Жалпы Бұланды ауданында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындар үшін 100-ден астам үй салынады. Қазір жұмыс кестесі құрылып, мердігерлер анықталды. Құрылыс жұмыстары алдағы екі айда аяқталуы тиіс.
Ұмсындық Наурызбаева