Премьер-министр құрылыс қарқыны төмен өңірлерді сынға алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Премьер-министр құрылыс қарқыны төмен өңірлерді сынға алды

11.06.2024

Премьер-министр тасқыннан кейін үйлерді қалпына келтіру жұмыстары баяу жүріп жатқан өңірлерді сынға алды. Олжас Бектеновтың айтуынша, әсіресе Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында істі шапшаңдату қажет. Қазір Өнеркәсіп және құрылыс министрі тасқыннан қираған инфрақұрылым мен үйлерді қалпына келтіру ісін бақылап, өңірлерді аралап жүр. Үкімет отырысына онлайн қатысқан Қанат Шарлапаевтың айтуынша, 18 мыңнан астам жылжымайтын мүлік бүлінген. Оның он мыңға жуығы жөнделеді, бес мың жаңа үй сатып алынып, екі мыңнан астамы салынады. Сол тұрғызылатын баспаналардың 80 пайыздан астамының құрылысы басталды. Қалған үйлер әлі су астында, - деді Шарлапаев. Үкімет басшысы бұл іске асқан жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Өйткені күн суығанша үлгеру қажет.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Өкінішке орай жергілікті билік органдарының жұмысында салғырттық, шешім қабылдауда баяулық, ұйымдастыру ісінде әлсіздік байқалады. Әсіресе БҚО және Атырау облыстарының белсенділігін арттыру қажет. Мерзімдерді мүлдем бұзуға болмайды. Бірақ бізге тек мерзім емес, сапа жағы да маңызды. Оған да жіті назар аудару қажет. 

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу