Орал халықаралық әуежай басшылығы облысқа 613 млн теңге қарызын өтемей отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал халықаралық әуежай басшылығы облысқа 613 млн теңге қарызын өтемей отыр

11.06.2024

Мәншүк Мәметова атындағы Орал халықаралық әуежай басшылығы облысқа 613 млн теңге қарызын өтемей отыр. «Ақжайық» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әуежайды сенімгерлік басқаруға алған компанияны сотқа берді. Келісімшарт бойынша әуежай әкімшілігі 2025 жылдың сәуіріне дейін ғимаратқа күрделі жөндеу жасалған 6,7 млрд теңге қаражатты мемлекетке қайтарып беруі тиіс. Алайда, мәслихат депутаттары бұған күмәнданып отыр. Әрі әуежайға бір тиын инвестиция салынбаған, жоспар орындалмаған.

Ержан Досмақов, «Aqjaiyq» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ директоры:

Салықтан - 158 млн, одан басқа да кеткен шығындардың бәрін қосқанда, "Ақжайық" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына 613 млн теңге бережақ. Күні бүгінге дейін өтеген жоқ. Техниканың бәрін жалға алған, аэропортта тұрған. Инвестициялық бағдарлама орындалған жоқ.

Депутаттардың айтуынша, егер әуежайға инвестиция салынса, оның активі өседі. Инфрақұрылымы жаңарады, қызмет сапасы жақсарады. Қазір әуежай активінің құны төмен. Бұл сенімгерлік басқаруға алған компанияға, яғни келешекте әуежайды сатып алушыға тиімді. Айта кетейік, Мәметова әуежайы екі жыл бұрын ресейлік компанияға сенімгерлік басқаруға берілген.

Рустам Бектеміров, М.Мәметова атындағы орал халықаралық әуежайының бас директоры:

Берешек 613 млн теңгенің дені - 2020-23 жылдардағы салық төлемдері. Келісімшарт бойынша бұл сома терминалды сатып алған кезде ғана қайтарылады. Иә, жалға алған техникалар бар. Бірақ бұл шұғыл жағдайда қажет болатын арнайы техникалар. Мысалы, өрт сөндіру көліктері. Олардың құны өте қымбат. Егер сатып алсақ, тарифке әсер етеді.

Тұрарбек Тілемісов, Облыстық Мәслихат Депутаты:

Жалға алу - бұл ақша салу емес! Тарифтен төлеп, техниканы жалға алмаңыздар. Инвестиция салу керек. Сіздер инвестор ретінде 2 млрд бөліп, техника сатып алсаңыздар, сонда ғана әуежайға ақша салған болып есептелесіздер. Қалғаны абсурд.


Хабарламаларға жазылу