Түркістан облысында егіс алқаптарын шегіртке отап кетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында егіс алқаптарын шегіртке отап кетті

10.06.2024

Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Байтоғай ауылын шегіртке басып қалды. Әбден жетіліп, қанаттанып алған зиянкестердің әзірге беті қайтатын түрі жоқ. Жолында кездескенді жайпап барады. Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қазір жұмыс істеп жатыр.

Ен даланы тұмандай тұтқан шегірткелер жиырмашақты күнде піскелі тұрған қарбызды көктей солдырып кетті. Бір гектар алқаптағы егіндікті шаруа бала-шағасымен жабылып, қорғағанымен шамасы келмеген. Дәрі де шашты. Түтін салып, желпуішпен де қорыды. Көкөністің тамыры мен сабағынан басқа түк қалған жоқ. Ал уланып өлген жәндіктен қазір егін басы өлексе сасып тұр.
Зульфия Әбішева, шаруа:
Бірден дүмеп, қарша орап қыр жақтан келді де талап, бір екі сағаттың ішінде жоқ болды. Дәл қазіргі жағдайда бәрі өлді. Сабақтары ғана қалды. Жапырағын жеп кеткен. Сабағынан енді өніп шықпайды.
Зиянкестер бас-аяғы 3-4 күннің ішінде Байтоғай елді мекені төңірегіндегі 41 мың гектар жерге жайылып кетті. Азық іздеген жәндіктер ешнәрсеге бой беретін емес.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Қара бұлттай қаптаған қара шегіртке қазір егістікті қойып, ауылдың өзін тұтас жаулап алған. Жолындағысын баудай түсіріп, шетінен кеміріп, жеп барады. Көшеге кешкісін болмаса күндіз шығудың өзі мүмкін емес.
Шегіртке гектарлап егін еккен жұрт тұрмақ, есік алдындағы алақандай жерге бақша отырғызғандардың өзін әбігерге салып қойды. Шамасы келгендері таң сәріден қара кешке дейін қолындағы желпуішімен осылай егістігін қориды. Одан қалса көліктің ескі доңғалағын өртеп, қорғануға мәжбүр.
Ілияс Адамбаев, ауыл тұрғыны:
Жағып, шегірткеден қорғанып жатқанымыз ғой. Оған кетіп те қарық болып жатқан жоқ. Қорықпайды екен. Далбаса екен. Бекерге балон жаққаның қалады.
Жағдай аяқасты ушығып кеткеннен соң «Байтоғайға» арнайы жабдықталған 36 техника әкелініп, 170-тен астам маман шегірткенің тұқымын жоюға кірісті. Жәндіктермен күресуге тағы 2 тікұшақ көмекке келді. Олардың күшімен бүгінгі таңға дейін 36 мың гектар жерге улы дәрі себілді.
Дархан Әбдікәрімов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мемлекеттік инспекция комитетінің төрағасы:
2-3 шаршы метрде болса ол жерді улауға қақымыз жоқ. Сондай жердегі шегірткелер шөп шабылған соң бір-біріне қосылады. Және үйірлі болғансоң шағылсу кезінде шақырып қосылады. Бұл соңғы тазарту жұмысы.
Қазір ауылда шегіртке қарсы жұмыстарды үйлестіру үшін арнайы штаб құрылған. Оның құрамында ауылшаруашылағы министрілігі, жергілікті билік, қоршаған ортаны қорғау, ветеринария, фиосанитария құрылымдарының мамандары бар. Олардың жоспары бойынша енді 2-3 күнде зиянкестерге қарсы күрес аяқталып, шерткенің көзі түгелдей жойылмақ.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу