Ақтөбеліктер қала аумағынан 120 тонна қоқыс шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеліктер қала аумағынан 120 тонна қоқыс шығарды

08.06.2024

Ақтөбеліктер «Таза Қазақстан» акциясына белсене қатысып жатыр. Қала тұрғындары бүгін шаһар аумағынан 120 тонна қоқыс шығарды. Аудандарды айтпағанда, тек облыс орталығының өзінде сенбілікке 1000-нан аса адам қатысты. Олардың арасында мәслихат депутаттары, мемлекеттік қызметшілер мен «Жасыл ел» еңбек жасағының мүшелері де бар. Көптің күшімен орталық саябақ, «Ғашықтар аллеясы», триатлон саябағы мен басқа да демалыс орындарының аумағы күл-қоқыстан тазартылды.
Бижан Қалмағамбетов, облыстық мәслихат депутаты:
«Таза Қазақстан - таза қала» акциясы бойынша бүгін ақтөбеліктердің барлығы сенбілікке шықты. Біз де өз ұжымымыз, яғни депутаттар және әкімшілік аппараты осы бізге белгіленген паркте тазалықпен айналысамыз. Жалпы Ақтөбе қаласы жылдан-жылға көркейіп келе жатыр. Бірақ осы өзіміздің жұмысымызбен өскелең өсіп келе жатқан ұрпақты қаламызды таза ұстауға шақырамыз.
Шымкенттіктер де «Таза Қазақстан - таза қала» акциясы аясында қаланы тазалауға белсене атсалысты. 200-ге жуық адам мегаполистің оңтүстік бөлігіндегі жол бойын қоқыстан тазартты. Олар бұл жұмысқа кіріспес бұрын, аймақты дронмен шолып шыққан. Осы төңіректің жиі ластанатынын байқаған. «Аманат» партиясының өкілдері қала тұрғындарымен бірге айналаны күл-қоқыстан тазартып, абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.
Лаура Бораш,«Жастар рухы» ЖҚ белсендісі:
Бұндай шараларға қатысып жүргенімізге біршама уақыттар болып жатыр. Және де қатарымызға қосылып жатқан ерікті жастар саны да көбеюде. Қаламызды таза ұстауға барша қала тұрғындарын шақырамыз. Өзіміздің таза Қазақстанды, таза Шымкентті таза ұстайық. Әрі қарай осы акцияны жалғастыратын боламыз.

Жақсыбек Кемал

Хабарламаларға жазылу