«Болашақ» бағдарламасының 40 түлегі бір ұжымда жұмыс істейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Болашақ» бағдарламасының 40 түлегі бір ұжымда жұмыс істейді

08.06.2024

«Болашақ» бағдарламасының қырыққа жуық түлегі бір жерде жұмыс істейді. Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде одан бөлек 18 қызметкер дәл қазір шет елдерде білімін жетілдіріп жүр. Яғни, ұжымдағы білікті мамандар саны тағы артады. 

Бибігүл Омарова Ұлыбританиядағы «Эдинбург» университетінде математика саласы бойынша білімін жетілдірген. Елге жуырда ғана оралды. Ендігі мақсаты – отандық білім ордасында жұмыс істеп, алған тәжірибесімен бөлісу. Жастарды жаңашылдыққа баулу. Ол «Болашақ» бағдарламасының берері көп дейді.

Бибігүл Омарова, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

Ол жақтағы жетістіктерді мүмкіндігінше осы өзіміздің университетте жүзеге асырса деген үлкен қызығушылық болды. Біздің университетте осындай дәрежеде ұйымдастырылса, студенттерді де осындай дәрежеге жеткізсек деген қызығушылық болды. Жетістіктерін көрген сайын қызығамыз, жақсы жақтарын алып қалуға тырысамыз.

Ал, қарағандылық Абылай Каринов еліміздегі ең жас декандардың бірі. 30 жасқа енді ғана толған маман еліміздегі жоғарғы оқу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша тәмамдаған. Одан кейін Ұлыбританиядағы озық университеттердің бірінде білімін жетілдірген. Ол өзі секілді «Болашақ» бағдарламасының түлектері шоғырланған ұжымда жұмыс істеуге қуана келіскен.

Абылай Каринов, «Болашақ» бағдарламасының түлегі:

«Эджизм» деген түсінік бар. Әрине, жас қой, жас бала ғой деп қарайтындар да бар. Бірақ та ешқашан да өзіме жауапкершілік алудан қорыққан емеспін. Сол себепті, кәсіби тұрғыдан жұмысқа, қызметке сәйкес келіп жатсам, неге істемеске?!.

Университетке өзге өңірлерден жұмысқа келген «Болашақ» бағдарламасының түлектеріне ерекше жағдай жасалған. Жалдамалы пәтер ақысын жұмыс беруші төлеп береді. Айтпақшы, бұл білім ордасының басшысы да «Болашақтың» түлегі.

Лаура Қарабасова, университет ректоры:

Елімізде үлкен назарды талап ететін – зерттеу әдістері сабағын жақсы беру. Шет елдерде, мысалы, зерттеушілерді дайындау жақсы жолға қойылған. Көбінде «Болашақтықтарды» тартып жатқан себебіміз – олар магистранттарға, ғалымдарға зерттеуді қалай ұйымдастыру керек, қандай зерттеу әдістері бар, осы сабақтардан береді.

«Болашақ» бағдарламасымен оқып келген мамандар білім берудегі озық идеяларды жүзеге асырып, сапаға мән беруі тиіс. Бұл жұмыстар қазірдің өзінде жемісін бере бастаған.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу