Алманияда өтетін аладоп аламанына бір апта қалды. Кәрі құрлықтың басты доп додасы қарсаңында, неміс жерінде дайындық қыза түсті. Ал суперкомпьютер чемпиондыққа үміткер басты командаларды атады.
Маусымның 14-і күні Мюнхендегі «Альянц-арена» стадионында ашылу салтанаты өтеді. Алғашқы ойында алаң иесі Германия құрамасы Шотландиямен кездеседі. Неміс жұрты өз командасынан тек жеңіс күтеді.
Уте Бауман, жанкүйер:
Мен өте қобалжып тұрмын. Немерелерім футболшы. Олардан да қатты уайымдап жүрген секілдімін. Біздің команда еуропа чемпионы болуы әбден мүмкін. Біз соған үміттенеміз.
Доп додасының қарсаңында 10 мың есеп жүргізген суперкомпьютер де өз болжамын жариялады. Оған сәйкес Англия командасының жеңімпаз атануға мүмкіндігі жоғары. 19,9 пайыз. Алғашқы бестікке Франция, Германия, Испания және Португалия құрамалары енген. Компьютердің есебінше Албания мен Грузия еуропа біріншілігіндегі ең әлсіз құрамалар.
Ал, Германия футбол тойына соңғы әзірлікті пысықтап жатыр. Әр қалада жанкүйерлер үшін арнайы фан зоналар құрылды. Берлинде ең үлкені Бранденбург алаңында. Мұнда алып футбол қақпасы да орнатылған. Осы жерден 30 мың адам тікелей эфирде ойындарды тамашалай алады.
Шерхан Жамбылұлы, тілші:
Ал бұл Fussballliebe. Еуропа чемпионатының ресми добы. Қазақшаға аударсақ футболға деген махаббат немесе құштарлық деген мағынаны білдіреді. Дизайны осындай үшбұрышты қанаттармен ерекшеленген. Доптың ішіне арнайы микрочиптер орнатылады. Ол қолмен ойын болған, болмағанын дәл анықтауға көмектеседі. Ал, жанкүйерлердің басты тілегі осы доппен әдемі голдардың көп болғаны.
Шерхан Жамбылұлы