Елорда көшелерін тағы су басты
Бүгін Астанада күн райы сағат сайын құбылды. Бұршақ аралас жаңбыр жауып, жел тұрды. Елорданың бірқатар көшелері көлге айналды. Тұрғындар діттеген жеріне жете алмай, көліктер көше бойында кептеліп қалды. Ал Астанадағы адам аяғы үзілмейтін даңғылдардың тең жартысында суағар жоқ.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Құрметті көрермен өздеріңіз көріп тұрғандай қазір Астанада жауын. Ал Астана көшелері көлге айналған. Маған дәл қазір міндетті түрде министрліктер үйіне сұхбат алуға бару керек. Мен амал жоқ жаяу жүргіншілер жолынан аяқ киімімді шешіп, жалаң аяқ өтуге тура келіп тұр. Өйткені, маған анау жерге жету керек, міндетті түрде.
Бүгін жалғыз мен ғана емес астаналық тұрғындар мен қала қонақтары да жалаң аяқ толарсақтан су кешіп жүруге мәжбүр болды. Себебі, елорда ауа райы күрт бұзылып, жаңбыр себелеп емес шелектеп жауды. Ал, бас қаланың кейбір көшелерінде суағар атымен жоқ.
Иә, күні бойы себелеп тұрған ақжауынға бірі қуанып жатса, көлік жүргізушілері мен жұмысына асыққан тұрғындар әбігерге түсті. Жаңбырдың көп жауағаны сонша талдардың түптерінде су кілкіп тұр. Жерге сіңіп үлгере алмай жатыр. Ал бүгінде қалада жаңбыр және қар суы ағатын ұзындығы 562 шақырымдық кәріз желісі бар. Оның 50 пайыздан астамы тозған. Өкініштісі, жыл сайын қайталанатын бұл жағдай халықтың әбден жүйкесін тоздырғандай.
Тәуірбек Бозекен, тілші:
Жауын-шашынның мол жаууына байланысты қазір Астана қаласындағы бірқатар көшені су басқан. Ал жолдың барлығы кептеліс, өздеріңіз көріп тұрғандай. Көліктер қаз-қатар тізіліп тұр. Әкімдік менің артымдағы дәл осындай техникалардың 100-ін жұмылдырды деп отыр. Алайда таңға дейін осы Астана көшесіндегі судың барлығын сорып бітіреді дегенге күмәнім бар. Өйткені қазір Астана қаласында жаңбыр әр сағат сайын жауып жатыр.
Тәуірбек Бозекен
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы