Батыс Қазақстан облысында бірегей бақ жойылудың алдында тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстан облысында бірегей бақ жойылудың алдында тұр

07.06.2024
Батыс Қазақстан облысында бірегей бақ жойылудың алдында тұр

Батыс Қазақстан облысында тасқын кезінде халықаралық ғылыми-тәжірибелік тәлімбақты су басты. Салдарынан әлемде жоқ алма сұрыптары мен тектік қор жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Екі ай суда тұрған тал-терек тамыры шіріп, қурап барады. Орасан шығынды өтеу үшін заңға өзгеріс енгізілуі керек.

Мұндағы 7 га тәлімбақта алманың 200-ден астам түрі өседі. Ал бірегей тәлімбақтың қазіргі күйі кісі аярлық. Шаған өзені тасыған кезде бұл жерге 3 метрге дейін су келген. Салдарынан көшеттердің бәрі су астында қалып, түп тамырлары шіріп жатыр. Мұнда тіпті етікпен жүрудің өзі мұң. Өйткені судың асты лай батпақ. Он жыл бұрын ашылған ғылыми тәлімбақ екі ай бойы суда тұрды. Мұнда алма мен жүзімнің 400-ге жуық түрі өсірілетін. Айналаны безендіру үшін өсірілетін өсімдіктің 100-ге жуық тұқымы бар. Сатып, пайда табу үшін емес, ғылыми зерттеу жасап, жаңадан сұрып алу үшін күтіп бапталады. Атшаптырым аумақтағы қыруар еңбекті бәрін ерлі-зайыпты екі адам ғана атқарады. Шығын шаш етектен.
Қайрат Кәрімов, селекционер-бағбан:
Біз негізі кішкентай отбасы болсақ та, шетелде елімізді танытамыз. Үлкен халықаралық ғылыми конференцияларда елдің атынан шығамыз. Еңбегіміз өз алдына, мында өте сирек кездесетін генофонд бар. Ондай тектік қор көп еш жерде жоқ. Компенсацияны төлегенде тек әшейін бақтар сияқты емес, ғылыми-коллекциялық бақ ретінде бағаласа дейміз.
Аумақта 6 мыңнан астам түп терек бар. Ғалымдардың бастапқы есебі бойынша, тек қана алма ағашының шығыны 317 млн теңгеден асады. Ал қолданыстағы ережеде тәлімбақтың шығынын өтейтін тетік жоқ болып шықты. Ол үшін заңға өзгеріс енгізілуі қажет. Бұл - ұзақ процесс. Ал бірегей бақтың аман қалған 20%-ын басқа аумаққа көшіріп, тез арада қалпына келтіру үшін дәл қазір қаржылай көмек керек.
Рүстем Зұлқашев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Халықаралық эксперименталды бақты қандай өлшемдермен өлшейміз? Оған күні бүгін менде жауап жоқ. Оны мен басқа бюджеттік емес көздерді пайдаланып, сондай мүмкіндікті қарауымыз керек деп ұсыныс жасап отырмын.
Ғылыми тәлімбақ шетелдік және отандық бес ғылыми зерттеу институттарымен әріптес ретінде жұмыс істейді. Мүйізі қарағайдай ғалымдар, қоғам белсенділері үкіметтен көмек сұрап, дүркін-дүркін хат жазды. Әзірге сең қозғалмай тұр.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу