Бельгияда ынтымақтастық комитетінің 21-ші отырысы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бельгияда ынтымақтастық комитетінің 21-ші отырысы өтті

07.06.2024

Еуропалық Одақ қазақ билігінің «Әділетті Қазақстан» құруға бағытталған реформаларын қолдайды. Бұл туралы ұйым өкілдері Брюссельде өткен «Еуропалық Одақ-Қазақстан»ынтымақтастық комитетінің 21-отырысында мәлімдеді. Шараға қазақстандық делегацияны еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бастап барды. Жиында қос тарап өкілдері көпқырлы ынтымақтастықты нығайту жайын талқылады.

Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы саяси-экономикалық қарым-қатынас жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 41 млрд долларды құрады. Қос тарап сауда мен инвестицияны арттырып, білім, ғылым, экология, жасыл сутек, маңызды шикізат материалдарын өндіріп, өңдеу бойынша ынтымақты күшейтуге мүдделі.

Люк Девинь, Еуропалық сыртқы істер қызметінің ресей, шығыс серіктестік елдері, орталық Азия және ЕҚЫҰ бойынша басқарушы директорының орынбасары:

Біз Қазақстандағы экономикалық, саяси реформаларды, Президент Тоқаевтың тың бастамаларын қолдаймыз. Осындай маңызды, конструктивті, сыйластық атмосферасында өткен кездесуде бизнес климатты дамыту мен өзге де өзекті мәселелерді көтердік.

Басқосуда тараптар Транскаспий көлік дәлізі арқылы сауда-саттықты арттыру, Қазақстан азаматтарына Шенген визасын рәсімдеуді жеңілдету мәселелерін де талқылады. Заңның үстемдік етуі, адам құқын қорғау бойынша Қазақстанда атқарылған ілкімді істерді ЕуроОдақтағылар жоғары бағалап отыр.

Роман Василенко, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:

Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес»туралы заң, сондай-ақ, «БАҚ»туралы жаңа заңның қабылдануын еуропалық әріптестеріміз қолдап отыр. Еуропалық Одақ Қазақстанның Орталық Азиядағы, жаһандық істердегі рөлін бағалап, өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға ниетті.

Еуропалық Одақ қазақстандық тауарлардың Еуропа нарығына кедергісіз тасымалдануын қолдауға дайын. Және Одақ өкілдері Батыстың Ресейге салған санкциясының қазақ экономикасына кері әсері болмайды деп сендіреді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу