Стамбұл қаласында этноспорт фестивалі басталды. Ұлттық спорт ойындарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған жиынға Қазақстаннан да спортшылар қатысып жатыр. Фестивальге әлемнің 20-ға жуық елінен мыңнан аса спортшы мен өнерпаз жиналған. Халықаралық жиын аясында дәстүрлі спорт түрлері бойынша сайыстар, қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесі өтіп, дәстүрлі музыка және балалар ойындары ойналды.
Фестивальге жиналған қонақтар күзде Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары стилінде безендіріліп, арнайы тігілген киіз үйді тамашалады. Бұл фестивальді Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы дәстүрлі спорт түрлерін дамыту мақсатында алтыншы жыл қатарынан өткізіп келеді. Жыл сайын бұл жиынға миллионға жуық адам қатысады.
Нұрлан Тұрсынбек, Аударыспақ республикалық федерациясының атқарушы директоры:
Арнайы ең мықты спортшыларды алып келдік төрт күн бойы Түркияда түрік көрермендеріне біздің қазақтың нағыз спортын паш етуге алып келдік спортшыларды. Біз жыл сайын Қазақстан ретінде қатысып жатырмыз. Өзіңіз де көріп отырсыздар тек қана қазақ емес бүкіл түркі әлемінің этноспорты. Бәріміздің бірегей мирасымыз. Сондықтан жан жақтан бүкіл елден қолдап жатқаны нұр үстіне нұр.
Мехмет Айдын, Стамбұл қаласының тұрғыны:
Бүгінгі фестивальге арнайы ұлттық киімімізді киіп келдім. Ұлттық спорт түрлерін, оның ішінде ат спортын ерекше жақсы көремін. Қатысушыларға, оның ішінде Қазақстаннан келген спортшыларға сәттілік тілеймін!
Айдос Әшім