Елімізде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы басталды. Президенттің «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «Amanat» партиясы бұл акцияны әр бейсенбі сайын ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бүгін партияның 12 мың мүшесі мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері республика бойынша аумақтарды тазалауға шықты.
«Таза бейсенбі» экологиялық акциясы жәй ғана есеп үшін жұмыс емес. «Amanat» партиясы әуелі елдімекендердегі ластанған аумақтардың картасын әзірледі. Соның негізінде республика бойынша 475 учаске анықталды. Олар - жол бойы, өнеркәсіп аймағы, тұрғын аудандар, әлеуметтік нысандар және басқа да көптеген орындар. Мысалы Астана қаласының белсенділері, қыстай қар төгілген орынды қоқыстан тазартты. Іс шараға Парламент, мәслихат депутаттары мен белсенді жастар қатысты және сол маңдағы ынталы азаматтар қол көмегін берді.
Даулет Кәрібек, «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы:
«Amanat» партиясының мүшелері аталған науқанға алғашқы күннен-ақ белсенді қатысуда. «Жастар рухы» жастар қанатының шамамен 4 мыңға жуық волонтері су тасқынынан зардап шеккен жандардың баспанасын ретке келтіруге көмектесті. Енді әр апта сайын ел аумағында түрлі учаскелерде қоқыс жинау жұмысын ұйымдастырамыз.
Бұл шараға Алматы қаласы да қатысып, белсенділік танытты. Акцияға 300-ге жуық адам жұмылып, бір мезетте 1 гектар аумақты қоқыстан тазартты. Мақсат – қоршаған ортаны сақтап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Ал, Көкшетауда «Amanat» партиясының 100-ге жуық қызметкері мен еріктілері Бұқпа тауының бөктерін күл-қоқыстан тазартты. Бұл жұмыс әлі де жалғасады. Алдағы күндері тарихи, мәдени ескерткіштердің айналасы абаттандырылмақ. Кейін өзен-көлдердің жағалаулары тазартып, қала көшелерін көгалдандыру жұмыстары басталады.
«Таза бейсенбі» науқанынан Сыр елі жұрты да шет қалған жоқ. Қызылордалық еріктілер, «Amanat» партиясы облыстық филиалының өкілдері мен белсенді жастар Батырхан Шөкенов атындағы саябаққа келіп, демалыс орнын тазалады. Қоқыстарды шығарып, ағаштардың қураған бұтақтарын кесті. Жалпы тазалық шарасына 50-ге жуық адам атсалысты. «Amanat» партиясы бастаған «Таза бейсенбі» акциясы апта сайын ұйымдастырылады.
Ғабит Ұзақбай