Су шаруашылығы саласының ардагері Нариман Қыпшақбаев «Отан» орденімен марапатталды
Су шаруашылығы саласының ардагері, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нариман Қыпшақбаев «Отан» орденімен марапатталды. Ардагер гидротехникке бұл марапат Мемлекет басшысының Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін берілді.
Нариман Қыпшақбаев 1934 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Қатардағы инженерден бастап, су шаруашылығы министрі қызметіне дейін көтеріліп абыроймен атқарды. Ол «Бартоғай», үлкен Алматы каналы, Қандысу суқоймаларын салдырды. Тіршілік нәрінің экономикалық пайдасын да арттырып, бірталай елді мекенді ауызсумен қамтамасыз етті.
Нариман Қыпшақбаев, Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек сіңірген гидротехнигі:1958-ші жылы бітірдім институтты, 1953-ші жылы түстім 5 жыл оқыдым, 1953-тен 1971 жыл мамандығым бойынша, 1 күн, 1 жыл емес өз саламнан басқа салада істегенім жоқ.
Тәуелсіздік жылдарында Су кодексінің жобасын әзірлеуге жетекшілік етіп, Орталық Азия мемлекеттері, Ресей және Қытай арасындағы трансшекаралық өзендердің суын пайдалану жөніндегі халықаралық ұйым құруға үлес қосты. 2013 жылы «Қорғас» өзеніндегі «Достық» ортақ бөгетінің салынуына бастамашы болды. Сондай-ақ, Аралды құтқару қорын құру жұмысында да маңызды рөл атқарды.
Айтбек Тасыбаев, гидротехник:Сырдария, Арал бойынша мемлекетаралық қатынастар бойынша бес республика бірігіп қорғайық, бір ақпараттық база жасайық дедік. Аралға су туралы база жасадық. Нариман Қыпшақбаев сол салада жетекшілік етті.
Ұлт үшін тер төккен арда азамат биыл 90 жасқа толды. Нариман Қыпшақбаев «Құрмет», II дәрежелі «Барыс», «Отан» ордендерінің иегері, 100-ден астам мақала мен оқулықтардың авторы.
Айдана Қуантхан
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
